Мал басы 5,5 пайызға көбейді
18-қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Соның бірі – аймақтың 2017 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы болды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитовтың айтуынша, облысымыздағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 510,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға артыпты.
Биыл облысқа 266,0 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,8 пайызға көбейген. Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 257,4 миллиард теңгені құраса, мал басының саны орташа есеппен 5,5 пайызға көбейген. Сондай-ақ, ет өндірісі – 5,1, сүт — 2,0, жұмыртқа – 9,1 пайызға өскен.
«Сыртқы инвестиция тартуды жандандыру қажет. Сонымен қатар басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері 2017 жылға жоспарланған индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етіп, Ол туралы ақпаратты ай қорытындысымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынуды тапсырамын», — деді Жансейіт Түймебаев.
Шалқар БЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы.