МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫ ҚАЛЫПТЫ ӨТУДЕ

Қыс — қатал сыншы болса, мал қыстату — маңызды науқан. Сондықтан егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен биыл 1,8 млн. тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494,0 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем әзірленіп, былтырғы жылға қарағанда 150,3 мың тонна мал азығы артығымен дайындалды. Сондай-ақ, дәнді дақылдар балансы бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақталуда.
Аймақта жылдық қуаттылығы 89,4 мың тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорыннан бүгінгі күні 35,4 мың тонна құнарлы жем әзірленді. Бұдан бөлек, өңірде өткен жылдан қалған 82,5 мың тоннасы пішен, 47,6 мың тоннасы сабан қоры бар.
Жалпы 2022-2023 жылдардағы мал қыстату науқанына 503,8 мың бас мүйізді ірі қара, 3,3 млн. бас қой мен ешкі, 168,5 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе түсуде. Барлық төрт-түлік облыстағы 5 862 мал қыстау орындарында орналасқан. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында жайғасқан. Дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына дер кезінде жеткізілуде.
Бүгінгі күні аудандарда құрылған арнайы штаб аудан әкімі орынбасарының басшылығымен жұмыс жасауда. Аталған штаб мал қыстату науқанында туындаған мәселелерді (жолды тазалау, техикамен жәрдем беру сияқты) жедел шешуге бағытталған. Алдын-ала атқарылған шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта шаруашылық субъектілерінде мал қыстату шығынсыз және қиыншылықсыз өтуде.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы