Малшыларға қолдау көрсетілуде
Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа бағдарламаны таныстырды. Вице-министр Павлодар, Ақсу қаласы және Железин, Качир аудандарындағы бірнеше ауыл шаруашылығы мекемесін аралап көріп, жұмыстарын жоғары бағалады.
Арман Евниев алдымен «Рубиком» ЖШС шошқа өсіру кешені, «Үштерек и К» ЖШС тауарлы сүт фермасы, «Тимур» шаруа қожалығындағы фермерлік өндіріс және асыыл тұқымды мал өсіретін «Пахарь» ЖШС-іне барды. Качир ауданында өткен жиынға Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері мен фермерлер қатысты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың ұлттық концепциясын түсіндірді. Осы уақыт аралығында министрлік 80 өндірістік мал жемдейтін алаң мен 7 заманауи ет өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр.
Жаңа бағдарламаның негізінде отбасылық фермаларға яғни ірі өндірістерден гөрі 50-100 ірі қара мал, 600 ұсақ мал ұстайтын шағын шаруашылықтарға көңіл бөлінеді. Жаңа модель бойынша асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға, мал жемдейтін орындарға және малды сою мен дайын өнімдерді әзірлейтін ет комбинаттарын салуға жағдай жасалады.
Бағдарлама аясында сыйақы мөлшерлемесі 4% болып табылатын және несиелеу уақыты 15 жылға созылатын жеңілдіктермен қаржыландыру қарастырылған. Вице министр нақты мысал негізінде 50 мал басы бар отбасылық шаруашылық ашудың тиімділігін түсіндірді. Оның айтуынша, ондай шаруашылықты жүргізу жылына 4,6 млн. теңгеге дейін пайда әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, Арман Евниев ауыл жастарының бизнеспен айналысуға даярлығы жөнінде айтып кетті. Ол үшін жерді жалға алып, ферманы салу, сиырларды сатып алу және жайылымдарды өңдеу үшін несие алу керек. Сол себепті вице-министр айтқандай, мемлекет осындай бизнесмендердің дамуы үшін жағдай жасап, жер мен ұзақ мерзімді несие беру керек.