МАМАНДАРҒА АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК-МЕТОДИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ

Бурыл ауылдық округінде орналасқан №6 орта мектебінде облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның аудандарда балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын мамандарға арналған әдістемелік-методикалық қолдау күні өткізілді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Бахыт Жақсылықова комиссияның мақсат-міндеттеріне тоқталды.
— Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия ювеналды полициямен біріге отырып жұмыс атқарады. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау және қалпына келтiру, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, оларды зорлық-зомбылықтан, қатыгездікпен қараудан, кәмелетке толмағандар арасындағы қоғамға жат әрекеттерден қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады,-дей келе, Бахыт Саухымбекқызы комиссияның атқарып отырған жұмысынан толық ақпарат берді. Мұнан кейін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бас маманы Мұхтар Керімбеков, аталған басқарманың қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова, «Үміт» мамандандырылған балалар үйінің әлеуметтік қызметкері Жұлдыз Аманқұлова және облыстық жастар денсаулық орталығының жетекшісі, психолог Гульзира Қалдыбаевалар ретімен сөз алып, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері және оларды шешу жолдары, облыс аумағында кәмелетке толмағандардың арасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар, оларды жасау себептері және профилактикасы, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарау барысында туындайтын мәселелер төңірегінде пікір алмасылды.
Жиын барысында балаға психологиялық тұрғыдан көмек көрсету, суицид әрекетіне тосқауыл қойып, баламен үнемі дұрыс бағытта жұмыс жасау, ата-аналарға үйде бала тәрбиесіне аса мұқият көңіл бөлуге, сонымен қатар ұялы телефонын үнемі бақылауда ұстап, баламен күнделікті ашық сөйлесу қажеттігі айтылды.Қоғамда орын алып отырған кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу жайы талқыланып, туындаған сауалдарға жауаптар берілді.
Шара соңында бала тәрбиесіне қатысты слайд көрсетілді.

Арайлым НАРБАТЫРОВА,
Бурыл ауылы.