Маңғыстау облысы Астананың 20 жылдығына ерекше тарту жасады

Астана қаласында 28 сəуір күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында маңғыстаулықтар қысқа уақыттың ішінде әсем қалаға көрікті Достық үйін сыйға тартты.

«Астана – жалпыұлттық бірлік пен келісім қаласы», — деген Ұлт Көшбасшысының сөзін маңғыстаулықтар сыйлаған маңғаз ғимарат айшықтап тұрғандай. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Достық үйіне арнайы барып, сәулеттік ерекешелігімен танысып, ішін аралады.

Достық пен бейбітшіліктің символына айналған бұл ғимарат Астана қаласындағы Алматы ауданы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 24 үйде орналасқан. Жобаның іске асырушысы — «Достық-Қазақстан» қоғамдық қоры.

Жаңа Достық үйі үш қабаттан тұрады. Ғимараттың бірінші қабатында көрме залы, акт залы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бөлмелері бар. Екінші қабатында конференц-зал, мұражай, этномәдени бірлестіктердің бөлмелері көздің жауын алып тұр. Хореографиялық зал, вокаль студиясы, асхана, қызметкерлер бөлмесі цокольды қабатта орналасқан. Қонақтар және қыз¬-меткерлер үшін арнайы ыңғайлы автотұрақ жасалған. Аталмыш ғимараттың жан-жағы абаттандырылып, көгалдандырылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Салман Героев Бас қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің атынан Астана қаласының 20 жылдығына орай жасаған керемет сыйлық үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа өз алғысын жеткізді.

Маңғыстау облысының бас қаламызға тартуы – Астананың ажарын көркейте түсері анық.

Еңсесі биік Елордамыз Маңғыстау өңірі сыйға тартқан Достық үйі ғимаратымен бірге жаңарып, жасара берері хақ.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі