Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына қатысты тәртіптік іс қаралды
Әдеп жөніндегі кеңес Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары К.Оралбаеваға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде» тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным енгізді.
01.06.2018 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасынан К.Оралбаеваға қатысты тексеру қорытындысы келіп түсті.
Атап айтқанда, Басқарма басшысының бұйрығымен қызметші К.Оралбаеваға қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, төмендегідей мән-жайлар анықталған.
К.Оралбаева өздігінен Басқарма басшысының рұқсатынсыз, тиісті құжаттарды рәсімдеместен 2 күн жұмыста болмаған.
Бұл ретте К.Оралбаева басқарма басшысы А.Бапиевтың ауызша рұқсаты бар екендігін алға тартып отыр.
Алайда, басқарма басшысы өз кезегінде мұны жоққа шығарды.
Мемлекеттік қызметшінің өтініші негізінде қандай да бір шешімнің қабылданғанына көз жеткізбестен қызмет орнында болмау әрекеті Әдеп кодексінің 5 тармағы 11) тармақшасындағы қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға делінген талаптардың бұзылуына әкеледі.
Осыған байланысты, Әдеп жөніндегі кеңес К.Оралбаеваға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде» әкімшілік жаза қолдану туралы ұсыным енгізіп отыр.