Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды
1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылды.
Мұнайлы аймақта ауыз су мәселесі өзекті. Мұны шешудің бірден бір жолы — су тұшыту зауытын салу. Бүгін облыс үшін маңызды мәселенің түйіні шешілген сыңайлы. Себебі, Қарақия ауданының Құрық ауылында су тұшыту зауытының құрылысы басталды.
Сәл кейінге шегінсек. Өткен жылдың тамыз айында «BeltWay Group Limited» компаниясы мен «SafBon Water Service» мекемесінің өкілдері өңірге арнайы сапармен келіп, су сұшытатын зауыттың жобасын ұсынған. Облыс әкімі бұл бастаманы мақұлдап екі тарап арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Әлеуметтік маңызы бар нысан сол меморандумның жемісі. Яғни, Маңғыстау облысының әкімдігі мен шетелдік инвестор арасындағы әріптестік байланыстың нығайғанының белгісі.
-Біздің компания бұған дейін су тұшыту зауытын салған. Сондықтан бұл жоба бізге аса қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Мәселен, соңғы рет дәл осындай жобаны Иранда елінде жүзеге асырдық, дейді инвестор, «BELTWAY GROUP» компаниясының директоры Али-Мохамад Хатиб.
Жоба құны — 39 млрд теңге. Зауыт іске қосылған соң, тәулігіне 50 мың текше метр су береді.
-Бұл зауыттың жергілікті халық үшін пайдасы көп. Ауыз сумен қатар ауыл шаруашылығына да көмегін тигізеді деп ойлаймын. Бұл жоба біздің компания мен Маңғыстау өңірінің арасындағы байланыстың бастауы болады деп есептеймін. Заманауи құрал-жабдықтар қатар неміс технологиясын қолданамыз, дейді «SAFBON WATER SERVICE» компаниясының өкілі Хиллинг Чанг.
Әлеуметтік маңызы бар нысан пайдаланылуға берілген соң тұрақты 100 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жаңалыққа әсіресе ауыл халқы риза.
-Зауыт ашылса халыққа жақсы болады. Су біздің ауылда аз ғой. Көп рақмет. Аман болайық. Деніміз сау болсын. Осындай зауыттар ашыла берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
Халыққа бірілк күні құтты болсын, деді Құрық ауылының тұрғыны Жазықбай Асанов.
Зауыттан шығатын тұшытылған су Құрық ауылынан бастап, Жетібай, Шетпе кентін қамтып, Ақтауға дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады.
-Соңғы кезде біздің ауылымызда қосымша мекемелер ашылып жатыр. Халықтың саны күрт өсуде. Ауыз су мәселесі тек қана елді-мекеннің ғана емес, сонымен қатар, ауылымыздың айналасындағы үлкен мекемелердің де қажеттілігін өтейді деп сенеміз, дейді Құрық ауылының әкімі Қайырбек Құсайынов.
Сондай-ақ, күн cәулесінен баламалы энергия алатын станция іске қосылды. Жаңа жоба мемлекет басшысының жасыл экономикаға көшу тапсырмасы аясында жасалған нақты қадам.
-2017 жыл – Қазақстан халқы үшін табысты жыл болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында күллі әлем назарын аударған «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кең ауқымда аталып өтті. «Болашақ энергиясы» жобасының түпкі мақсаты – тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылды, дейді станцияның ашылу салтанатында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Нысанның қуаттылығы 2 мегаватт болса, құны 1млрд 200 млн теңге. Бұл еліміздің батыс өңіріндегі тұңғыш күн электр станциясы. Баламалы қуат алатын жобаға қажетті жабдықтар мен қондырғылардың 80 пайызы отандық өндірушілердікі. Мамандардың айтуынша, бұл бастаманың жүзеге асуына «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіндегі «Жасыл энергетика» саласы әсер еткен. Cтанцияның жалпы ауданы – 36,05 га, жоба құны – 1,2 млрд теңге. Нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Электр станциясын пайдалану үшін 8580 күн панелі орнатылған. Бұл – отандық өндірістегі күн батареяларында жұмыс істейтін тұңғыш электр станция. Жаңа қондырғы 300-ге жуық үйді таза электрмен қамтамасыз етеді.
-Осындай электростанция жастарды жаңа технологияға баулуға үйретеді. Яғни, біздің экономика тек қана мұнай өңдеумен ғана шектелмейді. Біз осындай жоба арқылы экологиямызды қорғай аламыз. Бұндай жобалар бұрын Еуропада ғана болатын еді, енді бізде де жүзеге асып жатыр, дейді «GROUP INDEPENDENT» компаниясының бас директоры Алтынбек Әділов.
Мұнайлы ауданынан бой көтерген күн электр станциясының құрылысы өткен жылы басталған. Жоба аясында 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Тағы бір жаңалық. Жыл соңында Шетпе кентінде де дәл осындай күннен қуат алатын 5 мегеваттық станцияны іске қосу жоспарланған.
Айман Нұрмағанбет