Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданында тәулігіне 10 мың текше метр су тұшытатын қондырғы салу жоспарлануда
29 желтоқсанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының үдемелі индустриалды дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында өңірдің дамуы үшін қажетті төрт инвестициялық жоба қаралды. Атап айтқанда, жергілікті инвестор Түпқараған ауданында тәулігіне 10 мың текше метр су тұшыту қондырғысын орнатуды көздейді. Жоба құны 3 млрд тенге. Жоба іске асқан жағдайда Ақшұқыр және С. Шапағатов елді мекендері тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып, су бағасының төмендеуіне септігін тигізеді.
Сондай-ақ, үйлестіру кеңесіне Ақтау қаласында спорт кешенін салу жобасы ұсынылды. Спорт кешені аумағында бассейн, қонақ үй, Workout алаңы салынады. Нысан ашылған жағдайда тұрақты 80 жұмыс орны құрылып, балалардың киокушинкай каратэмен айналысуына басымдық беріледі.
Ақтаулық тағы бір кәсіпкер қонақ үйі бар спорт кешенін салуды жоспарлауда. Бұл кешеннің ерекшелігі каратэ спорт түрі бойынша балаларды олимпиадаға дайындайды. Жобада фитнес орталығы, футбол алаңы, түрлі спорттық алаңдар мен асхана қарастырылған.
Ақтау қаласының аумағында қала тұрғындары мен қонақтарына су көлігімен серуендеуге қызмет көрсететін жоба қаралды. Кәсіпкер су туризмін дамытуға 70 млн. теңге қаржы құюға әзір. Жоба іске асқан жағдайда 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері ұсынылған төрт жобаны да мақұлдады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз қаражатына жүзеге асырылатын жобаларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты. Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.