Маңғыстауда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аталып өтіліп, жыл қорытындыланды
Ақтауда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аталып өтіліп, үстіміздегі жыл қорытындыланды. Салтанатты жиын Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратында өтті. Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Аппарат басшысы Саян Ахметжанов, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдар, Әдеп жөніндегі және қоғамдық кеңес мүшелері, Арнайы мониторингтік топ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ мүшелері, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылған меймандар қатысты.
Агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжанов ҚР Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығымен «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназароваға, оның орынбасары Ерлеген Мендалиевке және департаменттің әкімшілік жұмыс басқармасының бас маманы Қамбарбек Нышанбаевқа тапсырды.
Сонымен қатар, Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың алғыс хатымен Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Нури Тумышев, Қайролла Ережепов, Аббат Өрісбаев марапатталып, қоғам өкілдері де назардан тыс қалмады.
Үздік телевизиялық, баспа, интернет жарияланымы және үздік бақылаушы, видеожазба, эссе байқауларының жеңімпаздары да марапатталды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар бір топ белсенділерге де берілді.
Мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады. Атап айтқанда агенттіктің аумақтық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұрбол Оқуов, Ақтау қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекші мамандары Назгүл Төлемісова және Айгерім Шынжырова.
Бұл күні «Адал жол – Честный путь» марафоны қорытындыланды. Республикалық марафон-эстафетасы облыс деңгейінде қалалар мен аудандарда, шалғайдағы ауылдарда кең көлемде ұйымдастырылған болатын. Эстафета туы мен өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат пен тілектер жазылған альбомды Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Қошмағамбетов салтанатты түрде департамент басшысы Нұргүл Алмасқызына тапсырды.
Сондай-ақ, шараға қатысушылар арнайы кәсіби орта оқу орындары студенттері арасында өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбындағы театрландырылған көріністер байқауында ерекше топ жарып, үздік атанған туризм колледжінің студенттері дайындаған көріністі тамашалады.
Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасып, шараға қатысушылар оқушы және студент жастардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарасын бейнелеген суреттер галереясын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.