Маңғыстауда Кендірлі ауылы шаңырақ көтереді
Өткен аптада газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы журналистік сапармен Маңғыстау облысында іссапарда болып, өңірді аралады, жұртшылықпен кездесті. Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовтың қабылдауында болды. Кездесу жылы шырайда өтіп, біршама мәселелерді өңір басшысы ортаға салды. Әсіресе әкім карантин кезінде қандай іс-шаралар атқарылып жатқандығы жөнінде кеңірек әңгіме қаузады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай болғанда да осы індетпен қазір тығыз байланысты екендігін, соған сәйкес кәсіпкерлерге, жағдайы төмен отбасыларға мүмкіндікке орай көмек беріліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге өңірдегі ауылшаруашылығын ақсатпауға да біраз іс-шаралар жүзеге асырылып жатқандығына назар аударды. Соның бірі Кендірлі деген жаңа ауылдың шаңырақ көтеретіні туралы ол сүйінші хабарды қуана жеткізді.
Өзара әңгіме барысында облыс басшысы «Qazaqstan dauiri» газетінің елмен тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін сүйсіне әңгіме етті. Алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін айта келіп, Сәуле Мешітбайқызына «360 әулиелі Маңғыстау» қасиетті, тағылымы мол кітабын сыйға тартты.
Кейінірек әлеуметтік желіден алған Кендірлі ауылы жайлы облыс әкімінің айтқан мына төмендегі әңгімесін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық:
«Күні кеше Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен бардым. Ақсақалдардың ақ батасымен «Кендірлі» деп аталатын ауылдың іргетасын қаладық. Бүгінгі таңда Жаңаөзен мен қалаға жақын орналасқан ауылдарда 156 мыңдай халық тұрады. Тұрғын санының едәуір артуына байланысты жаңа ауыл құрудың қажеттілігі туып отыр. Ондағы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін де бұл жобаны жүзеге асыру маңызды болып отыр. Жауапты азаматтарға ауылдың бас жоспарын әзірлеуде өңірдің ерекшелігін ескеруді және заманауи әдістерді қолданауды тапсырдым. Алдымен инфрақұрылым жүргізіледі. Содан кейін ғана жеке тұрғын үйлерге жер беріледі. Жаңа ауыл Каспий теңізінен 4-5 шақырым қашықтан салынатын болады.
Теңізге жақын орналасуы Кендірлінің туристік аймағын әрмен қарай дамыта түсуге мүмкіндік береді. Әрі ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнеспен айналысуына да жол ашылады. Бұл ауыл халқы үшін де, өңір экономикасы үшін де оң серпіліс бермек. Ауыл халқын таза ауыз су, жолмен қамтамасыз ету мәселесі де қаралып жатыр. Кендірлі курорттық аймағында су тұщытатын жаңа зауыт салынбақ. Жоба бойынша бұл зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тазартады. Сонымен қатар Жаңаөзеннен Кендірліге дейін 4 жолақты жолдың жобасын жасауды жоспарлап отырмыз. Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, болашақта халқымызға жайлы жаңа елдімекен болады деген сенімдемін».