МАҢҒЫСТАУДА ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНЫҢ 120 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін қазақстандықтар үшін айрықша күн! Өйткені осыдан 120 жыл бұрын алғаш рет қазақ даласында мұнай атқылап, еліміздің тарихы жаңа кезеңге бет бұрған еді. Осынау тарихи сәт қарсаңында майталман мұнайшылар да, аға буынның ізін жалғаған жас ұрпақ та киелі Маңғыстау өңірінде бас қосты.

«Маңғыстаудағы ірі мұнай кен орындарының табылуы, шын мәнінде, түбектегі тірлікті түбегейлі өзгертіп, тарихтың жаңа беттерін ашты. Табиғат ананың құшағындағы қазынаны шашау шығармай, ел игілігіне беріп отырған адал еңбектеріңізге ризашылығым шексіз. Мұнайшылардың еңбекке жұмылған ерен күші мен қиын қызметте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алған ынтымағының жемісі. Қажырлы еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздер күні кеше жер қойнауынан қара маржанды сүзіп алып, кейінгі ұрпағының болашағына алтын жол салған аға буынның дәстүрін лайықты жалғастырып келесіздер. Білім-білік және күш-қайратын Қазақстанның дамуына жұмсаған бүгінгі мұнайшылардың есімі тарих беттерінде алтын әріпен жазылғаны анық» – деді мерекелік кеште мұнайшыларды құттықтап, сөз алған аймақ басшысы Серікбай Трұмов.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде өндірілетін мұнай-газ саласының 30%-ы Маңғыстау аймағына тиесілі. Бұл дегеніміз жылына 18 млн.тоннадан астам мұнай және 3 млрд.текше метр табиғи газ. Көмірсутекті шикізаттың негізгі көлемін «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясының филиалы, «Қарақұдықмұнай» ЖШС өндіреді. Облыс бюджетінің де басым бөлігі де осы мұнай-газ саласынан түскен салықтар мен міндетті төлемдер негізінде құралады. Мәселен, тек биылғы жылдың алғашқы алты айында өңір қазынасы «Маңғыстаумұнайгаздың» өндірістік қызметі нәтижесінде 4,3 млрд. теңгеге толықты. Ал бұл, өз кезегінде мемлекеттің қоғам алдындағы міндеттемелерінің жүзеге асуының, аймақ келбетінің ажарлана түсуінің кепілі. Компанияның әлеуметтік серіктестік негізінде көрсететін көмегі көпшілікке белгілі.

Салтанатты жиын аясында Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше азаматтар Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР Энергетика Министрлігінің медалімен марапатталды.

Жиыннан соң қонақтар даңқты мұнайшы — Сафи Өтебаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл қазақ мұнайының кемеңгер тұлғасы Сафи Өтебаевтың туылғанына 110 жыл толып отыр. Мұнай абызының ескерткіш-бюстіне тағзым ету митингісін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев ашты. Ұлттық Компания басшысы Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығына орай мұнай-газ кешені қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, алдағы істеріне толағай табыс тіледі.