Маңғыстауда соңғы үш жылда экологиялық заңнама талаптарын бұзған кінәлі тұлғалардан 700 млн. жуық теңге мемлекет пайдасына өндірілген

Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында мәлім болды. Басқосуда қоршаған ортаны қорғау, аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту, оның ішінде химико-гидрометаллургиялық зауыттың мәселелері және оны шешу жолдары сөз болды.

Отырыста алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов, кеңестің мақсаты – қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша мүдделі тараптардың күш-жігерлерін біріктіру екендігін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда созылмалы (хронический) инфекциялық емес ауруларды диагностикалауға және емдеуге шығындардың өскені байқалады.

«Бұл мемлекеттің денсаулық сақтауға бағытталған барлық шығындарының 95-96 пайызын құрайды, ал профилактикаға 3 пайыз ғана жұмсалады. Осыған байланысты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстану және қалыптастыру мақсатында әр қазақстандық үшін өмірдің сапасы мен ұзақ өмір сүрудің кепілі болатын тиімді шаралардың қабылдануы қажет. Одан әрі осы шаралардың сапалы орындалуына қажетті қаражаттардың бөлінуі тиіс», — деді Ералы Тоғжанов.

Жиын барысында баяндама жасаған облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша табиғат пайдаланушылар іс-шаруашылығына 8 тексеру жүргізіліп, 58 экологиялық заң талаптарының бұзылу фактісі анықталғанын айтты.

«Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 44 122 584 теңгені құрайтын 55 әкімшілік істер қозғалды. Бүгінгі таңда, салынған айыппұлдардың 4 140 490 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді, қалған 39 982 094 теңгесі орындалуда (төлеу мерзімі шықпаған). Сонымен қатар, экологиялық заңнама талаптарын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мақсатында Департамент тарапынан ағымдағы жылы жалпы сомасы 44 224 670 теңгені құрайтын 4 нұсқама берілді», — деді Руслан Тукенов.

Отырыста белгілі болғандай, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматтын тұрақтандыру үшін «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік-батыс бөлігінде жалпы аумағы 8,2 га тәжірибелік жасыл қорғаныш аймағы, сондай-ақ, осыған ұқсас ауданы 30 гектар жасыл қорғаныш аймағын құру жұмыстары қолға алынған. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Кұсбеков мәлімдеді.

Сондай-ақ, биыл ауданы 30 гектар құрайтын келесі жасыл қорғаныш аймағын құру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Жасанды

көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында Ақтау қаласындағы кәріздік тазарту ғимаратынан (КОС-1) жыл сайын тазаланған 7,8-8,4 млн. м³су құйылады деп күтілуде.

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы