Маңғыстауға қарайласқан Қамқалы

Жамбыл облысы, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің есеп беру кездесуі Қамқалы ауылдық округінде жалғасты.

Шығанақ ауылында орналасқан 113 оқушы білім алатын С.Сейфуллин атындағы орта мектепте өткен келелі кездесуге, ауыл ақсақалдары көптеп жиналды.

Есептік жиында аудан басшысы өңірде өріс алған барлық салалық бағыттағы оң динимиканы санмен сөйлетіп, бір жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстар тізбегін баяндады. Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекеннің келешегіне үлкен үмітпен қарайтынын айтты. Себебі округке қарасты үш ауылда 349 аула бар. Демографилық өсімі де жыл санап жоғарылап келеді.

Сондай-ақ, мұнда тұз өңдеумен айналысатын 4 жеке кәсіпкер тіркелген. Ауыл ағайындарының қорасы малға, қоймасы астыққа толы. Өткен жылы 13 тонна ет өндірген округте 12 мыңнан аса майда мал мен 800-ге жуық ірі қара тіркелген. Осы ретте аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы былтырғы қуаңшылықта қолда бар шөп қорымен өзге өңірге бөлісе білген ауыл шаруаларына алғысын айтты. Айта кетейік, аталған округтен Маңғыстауға 2 мың түп шөп жөнелтілді.

Жиында сөз алған Баушенов Ахметжан ақсақал аудан басшысынан Қамқалыдан Таразға қатынайтын қоғамдық көліктің жол жүру кестесін халықтың сұранысына сай оңтайландырып беруін сұраса, зейнеткер Билібаев Айдос ауылдағы жол мәселесі мен интернет желісін тарту туралы сөз қозғады.

Байланыс мәселесі бойынша аудан әкімімен арнайы келген аудандық телекоммуникациялар торабының басшысы Нағашыбек Данияров ағымдағы жылы елді мекенге интернет жеткізіп беруге уәде етті. Ал, жол мәселесіне қатысты сауалға аудан әкімінің орынбасары Сәкен Мамытов Саудакент — Қамқалы бағытындағы жолға облыстық бюджеттен қаржы сұралғанын тілге тиек етіп, арнайы жобалық-сметалық құжат әзірленгенін айтты. Егер бұл қаржы облыс тарапынан мақұлданған жағдайда Саудакенттен Тоғызкентке дейінгі 43 км жол шұңқырлары тегістеліп, одан әрі Қамқалыға дейінгі 103,6 шақырымға шағал тас төселетінін жеткізді.

☑️Cарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі