Маңғыстаулық 40 оқушы зерттеу экспедициясына қатысты

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 40 оқушысы «Туған елге тағзым -2021» өлкетану-зерттеушілік экспедициясына қатысып, өңірді зерттеді. Шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.

1-5 қараша аралығында оқушылар Маңғыстау өлкесінің флорасы мен фаунасы, тарихи орындары, киелі мекендері мен өндіріс орындарын аралап, өңір тынысымен танысты.

 

 

«Маған өңірдің өндіріс орындарына барғанымыз ерекше ұнады. Маңғыстау облысында шет елге жіберілетін өнімдерді көру жастарға серпін береді деп ойлаймын. Теориялық тұрғыда өткен тақырыптарды тәжірибе жүзінде пысықтадық», — деді экспедиция қатысушысы Қанат Сақпаев.

 

 

Танымдық жобаның алғашқы күнінде балалар өлке туралы жалпы мағлұмат жинаудан бастаса, екінші күні аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеуге аттанды. Бұл күні зияткерлер Қаракөл көліне, Каспий итбалықтарын оңалту орталығына, страус фермасына және ботаникалық баққа барған. Үшінші күні өңірдегі битум шығару зауыты мен аммиак зауытын көрді. Төртінші күні сапар «Сұлтан үпі», «Шақпақ Ата» жерасты мешіттері мен «Отпан тау» тарихи мәдени кешеніне саяхатпен жалғасты.

 

 

Айта кетейік, «Туған елге тағзым-2021» тарихи-өлкетану зерттеушілік экспедициясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰҰ бастамасымен жыл сайын өткізіледі. Оның басты мақсаты — Қазақстанның өндірістік әлеуетін таныту және балаларды зерттеу жұмыстарын жүргізуге баулу.

 

 

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі