Маңғыстаулық мәдениет пен өнер майталмандары марапатталды

Маңғыстау облысының мәдениет және өнер қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жоғары марапатқа ие болды. Өнер майталмандары үшін арнайы концерт ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді. Шараға қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов руханият жанашырларына төс белгі тағып, диплом мен сыйақы тапсырды. Атап айтсақ, мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен өнер зерттеуші Айтберген Жаңбыршы, белгілі жыршы Жеткізген Сейтов, Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің әдіскері Жапырақ Танашева, Жаңаөзен қалалық «Мұнайшы» мәдениет үйі жанындағы «Асыл мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Қаракөз Кемерова марапатталды.

Сондай-ақ 2017 жылдың қорытындысы бойынша мәдениет және өнер саласының үздік қызметкерлері облыс әкімінің қолынан арнайы диплом және 300 000 теңге көлеміндегі сыйақы алды.

Шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов сөз алып, мереке иелерін құттықтады.

-Мәдениет пен өнер – әрқашанда ұлттық руханиятымыздың басты тірегі болып келді және бола береді де. Сондықтан ұлттық болмысымызды сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз. Ұлт болашағы ең алдымен әдебиетке, мәдениетке, өнерге тікелей байланысты. Қазақ халқының тумысынан бойында қалыптасып, қаны мен жанына сіңген асыл қасиетті қазыналарға негізделетіні де сөзсіз. Киелі Маңғыстау өңірінің өзінде өздеріңізге белгілі, өңірлік төлтума мәдени брендтің бірегейі болған Маңғыстаудың жеті қайқысы мен бес жүйріктерінің өзі осының нақты дәлелі, деді өңір әкімі.

Күні бүгінге дейін өнер майталмандарының қатысуымен өткен шаралар аз емес. Мәселен, еліміздің, өңіріміздің мәдени өмірінің әлемге танылуына айтарлықтай ықпал еткен «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің Австрия, Түрікменстан республикаларындағы концерттік сапарын, облыс өнерпаздары мен қолөнершілерінің халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі сәтті өнерін, Маңғыстау облысының Түркменбашы қаласындағы мәдени күндерін, жекелеген өнер ұжымдарының шетелдердегі конкурс, фестивальдердегі елеулі табыстарын ерекше атап өтуге болады.

Айман Оңғарбайқызы