МӘҢГІЛІК ӘУЕН ғарышкер Армстронгтың жүрегін жібіткен АЗАН

Азан — хабарлау, білдіру, құлақтандыру деген баламада келеді. Азан шақырушыны «Муаззин» дейміз. Дүние мен қияметте азаншының дауысы жеткен жеріне жанды мен жансыз, тірілер мен аруақтар, барша өсімдік атаулысы оған куәлік етеді. Азан шақыру біз ойлағандай мешіттегі діни қызмет емес немесе табыс көзіне айналдыратын кәсіп емес. Ол бір қасиет, әрі қасиеттіге яки қасиет қонғанға берілетін ұлы нығмет.

 

Дінімізде парыз намаздардың уақытын білдіретін құл-шылық. Алайда бұл азан-шының ғана құлшылығы емес. Құран оқушыны, тәспі тартушыны, зікір етушіні, жан-жануар мен жәндікті, жел тербеген барша өсімдікті тоқтататын, буырқанған теңіз толқынын басатын, көкке жиналған қара бұлтты сейілтетін, пенденің жүріс-тұрысын кідіртетін, бір сөзбен барша қозғалысты тоқтатып, әлем тынысына қуатты күш беретін мықты әуен. Яғни Азан — адамзаттың таңы мен кешін, түстігі мен көлеңкесін, жарығы мен қараңғылығын, күні мен түнін ғибадатқа туралайтын, құлшылыққа үндейтін исламның бір жауһары, құлақ құрышын қандыратын, жүректі сүйсіндіретін ғажайып бақытқа толы, аянмен берілген мәңгіліктің әуені! Сондығынан ол ерекше құдіретке ие. Ендеше, сонау айдағы басқа қауым өкілінің жан-дүниесін тебіренткен азан Жер шарындағы кез келген жүректі дір еткіздіреді. Өйткені, ол — жүректің әлдиі. Азан даусын естіген әрбір мұсылман азанға жауап қатуы, қайталап отыруы да сүннет амалдардан. Бұл дегеніміз, іштей не сырттай яғни күбірлеп болсын, азан сөздерін азаншымен бірге қайталау. Мыңдаған ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл азанды өз дәуірінде біздер үшін бекітіп берген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға салауат айтып, Алладан Оған мәртебе сұрау. Ал Азаннан кейін алақан жайып, дұға етіп, тілек тілеу, дұғалар қабыл болатын сәттердің тізбегінен. Бабаларымыз өз замандарында дауласқан екі елді ортақ келісімге шақырып, дау-дамайды басу үшін азанды ұлы даламызға әуелеткен! Тіпті, иманы жоқ адамды исламға бұрған да осы ұлы азан. «Осы дауыс! Менің алғаш рет Айға қонғанда естігенім осы дауыс! Менің тұла бойымды шымырлатып, шып-шып тер шығарған осы дауыс!». Міне, осыдан елу жыл бұрын Айға алғаш қадам басқан Америкалық ғарышкер Нейл Армстронгтың жүрегін елең еткізген де осы азан. Атақты Голливуд әртісі Морган Фриман «Алла жайлы хикая» атты құпия әлемдер туралы өзінің бейне түсірілімінде азанды «Әлемдегі ең әдемі дауыс!» деп әспеттеген. Ендеше, азан бұл құдірет!
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз елді намазға шақыру туралы ойын ортаға салғанда, сахабалар тарапынан әртүрлі пікірлер айтылады. Дініміз жөнсіз де ретсіз еліктеуге қарсы болғанындай, христиандардың қоңырауына, отқа сиынған мәжүсилерге ұқсап ба-ғуды, таудың үстіне алау от жағып түтіндетуді, сүр шалып кернейлетуді, бір жерге ту тігіп, байрақ көтеру ой-пікірлерін қабылдамады. Сахаба Абдулла ибн Зайд үндеу жасап, бірнеше уақыт бойында «Сәлә» деп, елді намазға жинағандығы айтылған. Ол бір күні түс көреді. Түсінде қоңырау сатып алмақшы болған белгісіз бір адамнан азан сөзі мен қаматты үйренеді. Бұл түсін дереу Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға жеткізгенде, ол шынайы хабарға жорылады. Алланың қалауымен, сол азан сөздерін алғаш рет айту Біләлға (р.а) нәсіп болады. Ибн Хажар Асқалани айтқандай, бұл сахабаның есімі тек қана азан үкімінде ескеріледі. Азанның ұлылығы, азаншылардың қияметтегі мәртебесі жайлы хадистер баршылық. Дегенмен, солардың бірін риуаят еткен Муслим (р.ғ) азаншылардың қияметте мойындары ұзын болатындығын жеткізеді.

 

Жан тәсілімінде азан айтқан адам

Ислам тарихында азаншылар көптеп кезігеді. Біршамасы белгілі, біразы белгісіз. Солардың қатарында Біләл, Умму Мәктүм, Әбу Махзура (р.а) және тағы басқалары бар. Мекке алынғаннан кейін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Хунайннан келе жатқанда Біләл (р.а) азан шақыратын болып белгіленеді. Сол кезде, мүшріктердің он шақты баласы азанды масқаралайды. Сахабалар олардың бәрін пайғамбардың (с.ғ.с) алдына алып келеді. Әрқайсысы азан шақырады. Солардың арасында он алты жасар Әбу Махзура (р.а) да болады. Мұхаммед (с.ғ.с) оның көкірегіне қолын қойып, дұға етеді. Сол дұғаның шарапатымен Әбу Махзура (р.а) исламды қабылдап, азан айтуға ынтығады. Артынша Меккенің ең көркем дауысты азаншысына айналады, дүниеден өткенше азаншы болып, жан тәсілімінде де азан айтып өтеді. Бұл қасиет оның көптеген үрім-бұтағына дарыды.
Азан туралы сөз қозғалғанда, азанға тікелей қатысы бар ұлы сахаба, алғашқы азаншы, дауысын аспан әлемі естіген Біләл ибн Рабах (р.а) есімі үнемі бірге қоса жүреді. Негізі, Хабашстандық (қара нәсіл, құл) болғанымен, өмірі тектілердің жанында өткен, Меккеде туылғанмен, Шамда жерленген. Алла Елшісінің (с.ғ.с) қызметінде болған, Оның (с.ғ.с) күндік кестесін жатқа білуші әрі Оған (с.ғ.с) күніге бес уақыт азан айтқан әзиз ұлы жан. Тіпті, азан оны Қағбаның үстіне көтерген. Өзіне сыйға тартылған үш найзаның бірін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз қолымен Біләлға береді. Ол (р.а) оны өмірінің соңына дейін мақтан тұтып, мешіттен тысқары жерлерде жамағатпен намаз оқыған кезде, алдыңғы тұсына қалтқы (сүтірә) ретінде қадап қоятын. Исламға келмей тұрып та, Біләл (р.а) адамгершілік қасиеті мол, адал жан болған. Ол Омая ибн Халафтың құлдығында қой бағып жүріп, бірде үңгірге жасырынған Мұхаммед (с.ғ.с) мен Әбу Бәкірді (р.а) көреді. Қатты ашыққан екеуі шөлдегендерін Біләлға (р.а) айтып, су жұтымға бірдеңе сұрайды, сонда:
— Мына отар қойдан сауып ішкенге өзіме тиесілі бір ғана қойымның сүтін сауып берейін, — деп малды айдап әкеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбарак қолымен сол қойды Өзі (с.ғ.с) сауып, сүтін ішеді және сауып Әбу Бәкірге (р.а) ұзатады, үшінші рет сауып Біләлдің (р.а) өзіне ұсынады. Сүтті тойып ішсе де, Пайғамбардың (с.ғ.с) берекетімен сол қойдың желіні бәрібір сүтке толы күйде қалады. Исламды қабылдаған Біләл (р.а) көп дәрістерге қатысып, ғибадат жасай бастайды. Мұны көріп қалған Омая ибн Халаф оны азапқа салады. Жалпы, исламды қабылдаған ең әуелгілерден жеті ұлы адамның есімі айтылған. Алла Елшісі (с.ғ.с), Хадиша анамыз, Әбу Бәкір, Аммар ибн Ясир және оның анасы Сумайя, Ясир және Біләл Хабаши (р.а). Осылардың ішінде ең қатты азап шеккені әрі сол кезде аузынан «Ахаддун ахад, лә уәлида уәлад» яғни «Алла біреу, әкесі де, баласы да жоқ» деген сөзді үзбеген осы Біләл (р.а) еді. Оны қайнаған құмның шөліне жатқызып, аяқ-қолын төрт жаққа кере тартып байлап, қамшымен бірнеше реттен тоқтаусыз сабайды, одан кейін үстіне тас бастыру азабын көрсетеді. Кейіннен:
— Сені Омая азаптағанда, қалай шыдадың? — деп сұрағанда:
— Алла жүрегіме рахаттықты Өзі салды, таяқтың соққысынан иманымның қуаты күшті болды. Ауру басылады, жара кетеді, бұйырса жәннетім мәңгі қалады, — деген еді. Оның осыншама азапта жатқанын көрген Алла Елшісі (с.ғ.с) мұны Әбу Бәкірге (р.а) айтады. Ол Омаяға барып, Біләлді (р.а) құлдықтан бес күміске сатып алған тұста:
— Бір ғана күміске бағаласаң да, бере салар едім, — деген Омаяның сөзіне Әбу Бәкір (р.а):
— Сен мың күміс десең де, алар едім, — деп жауап қатқан.

 

Хайуандар да асаулығын басқан

Табиғиндер дәуірінде намаздан тысқары көше бойлап азан айтқан кезеңдер де болған. Жалпы, азан әшкере айтылған жерлерде қылмыс, күнә, ауру болмайтындығы белгілі. Бұл азанның қасиеттілігінен. Тіптен, азан нақышпен, мәнермен, қатесіз жын тиген адамның құлағына айтылса, кеселден айықтырады, ал хайуандар асаулығын басып, адамға бағынады. Сонымен қатар, жаңа туылған шақаға, аса үлкен алапатты яки қуанышты хабар берілгенде азан айту үрдісі бар. Елдің «Құдайға жағам десең азанды бол, елге жағам десең, қазанды бол» деген нақылы болса, Хазрет Омардың «Халифа болмағанымда, азаншы болар едім» дегені бар.
Азан айтушы да, азан тыңдаушы да сауап алады. Азанның әрбір сөзіне «диққа» яғни мән беру керек. Азаншының тәрәссулі — азан сөздерінің арасы ажыратылып, сәктә — дем беріліп, тоқтау бар. Ғұлама Мулла Али Қари азан сөздерінің екі аралығын ажыратуды «сәктә» дейді. Ал осы тоқтауда азан тыңдағандар дұғамен жауап берулері керек. Мұхаммед (с.ғ.с) Өзі азан шақырған не шақырмағандығы жайлы талас бар. Имам Тирмизи өзінің хадис жинағында «Пайғамбар (с.ғ.с) азан айтты» дегенді келтіргенімен, басқа мұхадистерде бұл әлсіз. Ал азан шақырмауының себебін ғалымдарымыз әрқилы түсіндіреді. Біріншісінде, егер Алла Елшісі (с.ғ.с) бірдеңені бұйырса, оны әрдайым Өзі істеген. Яғни діннің елге таралуында дағуатты ешкімге табыстау мүмкін еместігімен түсіндіреді. Бұдан елді иманға шақыру азаннан да маңызды деген мағына туады. Сол сияқты, барша Хулафа Рашидиндер (Әбу Бәкір, Омар, Оспан, Әли р.а) де азан шақыра алмаған. Сонымен бірге, Алла Елшісі (с.ғ.с) азан шақырып, елді намазға үндесе, онда оған жауап бермей, мешітке келмей, жамағатқа шықпаған адамның иманына шек келеді…
Азан сөздерінде қате жібермеу аса мұқияттылықты талап етеді. «Мәд» әріптерін яғни созылмалы әріптер дер кезінде мөлшермен созылып, ал созылмайтын әріптер шамадан тыс созылса, азанның мағынасын өзгертеді. Мәселен, Алла сөзінің бірінші әлібі «ә» әріпі созылса, Жаратушының ұлықтығына күмән келтіретіндей мағына шығады. Ал, «Әкбәр» сөзінің «ә» әріптерінің екеуі де ешқашан созылмайды. Әріптер махраждарына яғни дыбысталуына қатты көңіл бөлген дұрыс. Сол үшін, жергілікті имам, молда, ұстаздардан ұялмастан сұрап, түзетіп алу мұсылман үшін аса дұрыс әрі сауапты қадам. Кейбір фикһ ғалымдары осы азан сөздерін қате айту арқылы адам пасықтық пен күпірлікке баратын қаупін де ескертеді.
Ұлық құдіретті Азанның түске енуі де үлкен ғанибеттерден. Жүсіп (ғ.с) пайғамбардан кейінгі түс әлемінің сырына үңілген атақты табиғин Ибн Сирин түске енетін азанды айналып өтпеген. Бір адам келіп, түсінде азан шақырғанын жеткізгенде, оның қажылыққа баратындығымен сүйіншілеген. Ал келесі біреуге дүниеден өтетіндігін айтқан. Бұл екі адамның түсі иманы, мінезі мен күнделікті амалдарына қарай айтылған-ды. Ал мұнараға шығып, азан айтуы қызмет мансабында мәртебеге ие болу деп жорылса, сай мен құдықта азан айтқанды, дінді жеткізу деп балаған.
Бүгінгі таңдағы мешіт мұнараларын-да әуелеген азандар дініміздің еркіндігін, иманымыздың өніккендігін, ата-бабалар аруағының шаттығы мен ризалығын білдіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, жария айтылып келе жатқан азанымыз қияметке дейін мәңгілік елімізде ұласа берсін!

Нұрлан Байжігітұлы
дінтанушы, имам