Мәңгілік махаббат жыры

КҮЙ – КИЕЛІ. ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІН ТЫҢДАСАҢ ЖАНЫҢ ТЕБІРЕНІП, ТҰЛА БОЙЫҢА САРҚЫЛМАС ҚАЙРАТ ҚҰЯР ҚАСИЕТІН СЕЗІНЕСІҢ. БҮГІНДЕ ҚҰРМАНҒАЗЫ МЕН ДИНАДАН БАСТАУ АЛҒАН САҢЛАҚ ӨНЕР ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ.

«Күй ойнайды қазағымның қанында,

Күй ойнайды қазағымның жанында», – деп ақын Шөмішбай Сариев жырлағандай, қазағымның төрінен орын алып, өнерлі жанның қолынан табылар домбыра – еліміздің өткенін жырлап, жастарға тәрбие беретін құнды аспаптардың бірі десек, артық айтқандық емес.

Әр күйдің өзіндік шығу тарихы бар дейтін болсақ, кейде біз тек күйдің тақырыбына, тартылуына және үніне ғана құлақ түреміз де, оның шығу тарихына аса мән бере бермейтініміз бар.

Осыған орай, бүгін біз ХХ ғасырдағы қазақ аруларының бет-бейнесін бір образға жинақтаған туындылардың бірі – Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі туралы сыр шертпекпіз.

Деректерге сүйенер болсақ, бұл күй – ғашықтықтан туған күй. Көрікті де қылықты ару бозбаланың жары болмаса да, жүректегі сезімін қозғап, домбыраның шанағынан төгілген сазына айналған. Жігіт көз алдында құлпырып өскен көрші қызға көңілі құлайды. Бірақ, сезімін білдіруге батылы жетпейді. Бозбала жүрек сөзін айта алмай жүргенде, біреулер қызға құда түсіп келеді екен. Көңілі алабұртып, алай-дүлей болған ғашық жігіт не істерін білмей, «алып қашсам ба» деп бір ойлайды. Бірақ, оған да жүрегі дауаламайды. Ақыры, сүйгені көз алдында кете барады. Сыртқа шыға алмаған, сүйген қызына сөз боп айтылмаған сезім күй болып дүниеге келеді. Сол күй – «Ерке сылқым» деп аталады.

Күйдің авторы Әбдімомын Желдібаев бір сөзінде бүгінде күйдің басты кейіпкерінің ажары таймаған ардақты әже екенін, соңғы рет кездескенде: «Саған деген махаббатымды бәрібір ешкім өшіре алмайды», дегенін айтады.

Сондай-ақ, күйші «Ерке сылқым» күйі туралы «Тәңірім бойына әсемдік пен көркемдікті үйіп-төгіп бере салатын сондай сұлу қыздардың мінезіне, әдетте асаулық пен еркелік тән. Бұл қылық және ондай арулардың өзіне жарасатыны соншалық, небір өнер туындыларының өзегіне айналады. Мұндай сезімді сірә, сөзбен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес шығар. Ол үшін қазаққа күй өнеріндей тамаша сыйды тарту еткен бір Аллаға шексіз ризамын. Күй ауылдағы сондай бір ақ маңдайлы ару қызға арналған. Мен оны бала кезімнен жақсы білетінмін. Жалпы, «Ерке сылқымды» өзім қазақтың бүкіл ерке қыздарына күймен соғылған ескерткішім дер едім. Былайша айтқанда, ХХ ғасырдағы қазақ қыздарының бейнесі сол арқылы көрініс табады. Әр арудың өзіне ғана тән әдемілігі болады десек, дәл осы сұлулық кез келген жанның көзіне шалына бермеуі мүмкін. Өмірде ол тек бір адамның ғана назарына ілігетін кездер болады. Жан дүниені қозғайтын сондай сәтті суретші қиялы қалт жібермеуге тырысады» деп, Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырған екен.

Ал, 2011 жылы Шу қаласындағы үлкен жолдың бойына «Ерке сылқым» күйіне арналған арнайы ескерткіш орнатылған.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІ