МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНА- 10 ЖЫЛ

Биыл Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының құрылғанына 10–жыл. Айтулы датаға орай Мұнайлы ауданында бірнеше нысандар ашылды. Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен Басқұдық ауылында «Мұхамбет» медициналық орталығы ашылды. Нысан жеке кәсіпкердің қаржысына салынған. Жоба құны 130 млн. теңге. Орталық 21 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар, Маңғыстау ауылында аумағы 1 гектар болатын ұн-жарма комбинаты іске қосылды. Жоба құны 315 млн. теңге. Мұнда 30 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.

Мұнайлы ауданының балалары үшін 100 орындық «Мұрагер» балабақшасы пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекемені салуға жеке кәсіпкер 65 млн. теңге жұмсаған. Жаңа нысан 20 адамды жұмыспен қамтиды.

Мерекеге орай ашылған келесі нысан — «Мәңгілік ел!» монументі. Маңғыстау ауылының орталығындағы монумент жас ұрпақты елін құрметтеуге, өткенін қадірлеуге, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Сондай-ақ, аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт алаңы пайдалануға берілді.

Содан соң, ауданның 10 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Мұнда Мұнайлы ауданының жеткен жетістіктері сараланып, болашақ жоспары айқындалды. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Мұнайлы ауданы — еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған алғашқы аудан. 2007 жылы Елбасының Жарлығымен ашылды. 10 жыл бұрын мұнда халық саны 53 мың болса, бүгінде 148 мың адамға жетіп отыр. Қазіргі таңда мұнда ондаған мектептер мен балабақшалар және медициналық орталықтар салынды. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы да қарқынды даму үстінде. Халық саны мен экономикалық әлеуеті жағынан Мұнайлы ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда.

-Рухани жаңғыруды басты қағидасына айналдырған аудан тұрғындары мен  рухты өрімтал жастарымыз ауданның көркеюіне, еліміздің өркендеп, өрлей түсуіне зор үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта халық игілігіне айналатын, көрерге көз сүйінетін ауқымды жобалар аудан көлемінде жүзеге аса береді. Осы бағыттан айнымай, жасаған игілікті жұмыстарыңыз әркез табысты болсын! Жастарымыз бен болашақ ұрпақтарымыз осы өнегелі істерімізді жалғастырады деп сенемін. Мұнайлы ауданының 10-жылдық мерекесі құтты болсын, — деді өзінің құттықтау сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі