Маңғыстау облысының 10 нысаны «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» ұлттық арнайы жобаға кірді
«Рухани қазына» жобалық тобының мүшелері «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесіне Маңғыстау облысындағы тарихи-мәдени мұралар тізіміне кіретін 161 киелі нысанды ұсынды. Бұл нысандардың ішінен халық жиі баратын және маңызы зор 21 ескерткіш таңдалды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми- зерттеу орталығы ғылыми-сарапшылар кеңесінің шешімімен 100 киелі орындардың тізімі бекітілді.
–Тарихи-мәдени маңызы бар, өңірге ғана емес жалпыұлттық символға айналған Маңғыстаудың 10 нысаны тізімге енді. Бұл тізімге еліміздің тарихымен, тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары енген, – дейді «Маңғыстау мемлекеттік тарихи- мәдени қорығы» ММ тіркеу және ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұрсәуле Дауымшарова.
«Қазақстанның киелі орындарының географиясы» арнайы жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарының бірі және Қазақстанда ұлттық бірегей элементтердің бірі саналатын мәдени- географиялық киелі орындар белдеуін құруға бағытталған.
— «Діни және ғибадат орындары» аталымына Маңғыстаудың қорымдары мен жер асты мешіттері кірді: 18 ғасырдағы Оғыланды жеріндегі Бекет ата, Шопан ата (10-19 ғасыр), Ескі Бейнеу мен Бекет ата (11-19 ғасыр),Қараман ата (13-19 ғасыр) Масат ата (10-19 ғасыр), Шақпақ ата (9-10 — 14-19 ғасыр), Сұлтан епе (10-19 ғасыр), Сисем ата (13-19 ғасыр). Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар тізіміне Форт- Шевченко қаласындағы Шевченко Тарас Григорьевичтің мемориалды кешені енгізілді. Қаратау тауының баурайындағы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені табиғи мұра ерекше ескерткіші болып саналады, – дейді «Маңғыстау мемлекеттік тарихи- мәдени қорығы» ММ тіркеу және ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұрсәуле Дауымшарова.
Айман Оңғарбайқызы