Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Бейнеу ауданына іс- сапармен барды
І.
АУДАННЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАТЫН ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
¤Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеуге жұмыс сапарымен барды. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Бейнеуліктердің хал-жағдайын біліп, ауданның даму қарқынын бағамдады.
Облыс әкімі сапары аясында алдымен «Бейнеу астық терминалының» жұмысымен танысты. 2010 жылы іске қосылған терминалының жүк айналымы жылына 2 млн.тонна. Өндіріс орны 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнім Маңғыстау, Атырау облысы мен көршілес Иран, Өзбекстан, Әзірбайжан еліне жіберіледі. Аймақ басшысы Бейнеуден шығатын отандық өнімді өзге елдерге де экспорттауды қарастыруды тапсырды.
¤Терминал толық автоматтандырылған. Мұнда жылына 90 мың тонна ұн, 30 мың тонна құрама жем өндіріледі. Дайын өнім Астана мен Көкшетаудан шыққан қапшықтарға салынады. Облыс әкімі терминал жұмысын оңтайландыру мақсатында қапшықты да өзімізден шығаруды қолға алу керектігін айтты.¤
Сапар барысында аймақ басшысы Бейнеу селосындағы су тазарту қондырғысын да назардан тыс қалдырмады. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылдың желтоқсан айында бой көтерген жоба құны 2 млрд теңге. Тәулігіне 12035 текше метр еділ суын тазартатын станцияда 5 резервуар бар. Мұндағы замануи құрал-жабдықтың 70 пайызы Қазақстанда, ал қалғаны Германия мен Оңтүстік Кореядан алынған.
¤¤- 5 участіктің қазір 3 учаскесі бітті. Қазір Бейнеу селосы бойынша 9442 үйге су береміз. 82 пайызын қамтимыз. Қазір 15 адам жұмыс істейді. Оларды шағын курстан өткіздік, дейді «Бейнеу су сервис» КММ директорының міндетін атқарушы Қашқынбай Тарғынов.
¤Сондай-ақ, облыс әкімі Бейнеу ауданының білім нысандарын да аралады. Ауданда 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 91 пайызы балабақшамен қамтылған. Бұл мәселені толық шешу үшін Бейнеу мен Боранқұл селосынан 140 орындық бөбекжай салу жоспарланып отыр. Ауданда 25 мектеп бар. Соның бірі, іргесі 1998 жылы қаланған Бейнеу гимназиясы. Мұндағы жас өреннің барлығы Қазақстанда жасалған отандық өнімді қолдайды.
¤¤19 жыл ішінде гимназиядағы түлектер 13 алтын белгі, 13 үздік аттестат қорғады. Қазір мұнда 330 оқушы білім алып отыр. Солардың бірі, Томирис Арыстанбекқызы.
-¤Мұғалімдердің сабақ беруі жоғары деңгейде. Соның арқасында біздің білім сапамыз да жоғары деңгейде. Бұл мектепте біліммен қатар, тәртіпте бар. Соның арқасында бізде жан-жақтымыз, дейді 8 — сынып оқушысы Томирис Арыстанбекқызы.
¤Ауданда өнерпаз балалар да көп. Құлшар Бақтыбайұлы атындағы өнер мектебінің өрендері осының айқын дәлелі. Өнерлі балалар республикалық , халықаралық байқаулардан оза шауып топ жарып жүр.
¤Ауданның білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі — Бейнеу политехникалық колледжінің типтік ғимаратының жоқтығы. Оқу орны 240 оқушыға шақталған. Аймақ басшысы осы орайда облыстық білім басқармасының басшылығына политехникалық және гуманитарлық-экономикалық колледждердің типтік ғимаратының жатахқанасымен бірге жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды тапсырды. Осылайша, шалғай ауылдардан келіп оқитын балаларға жатахқанада тұруға мүмкіндігі беріледі. Политехникалық колледжде 586 бала 10 мамандық бойынша білім алады. Оқу ордасында тәлім-тәрбие беретін 87 ұстаз болашақ теміржолшы мамандарға арнайы бағдарлама жасақтаған.
¤¤Аймақ басшысы сапар аясында аудандық аурухана жұмысымен танысып, жастар орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, кітапхана мен Бейнеудің басты көрікті жері — жастар саябағына да барды. Онда қазақстандықтардың бірлігі мен қонақжайлылығының символына айналған аққулар мен тайқазан секілді сәулет формалары орнатылған. Аймақ басшысы орынбасары Бану Нұрғазиеваға Ақтау қаласында осындай тәрбиелік маңызы бар ескерткіштерді орнатуға жобалар дайындауды тапсырды.
¤Ералы Тоғжанов бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралаған соң, Бейнеу ауданының белсенділерімен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамуын бағамдап, болашаққа бағыт-бағдарын айқындады.
ІІ.
АУДАН КӨРСЕТКІШІ КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ
Ауданда шағын және орта бизнес қарқынды дамыған. 3000-ға жуық кәсіпкер 11 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл — еңбекке жарамды халықтың 42 пайызы. Жиын барысында Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады.
-¤Аудандағы 11 елді мекеннің бәрі де тиімді жол қатынасымен, ұялы байланыспен, интернет жүйесімен қамтылған. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастады. Тек өткен жылдың өзінде жалпы алаңы 67,2 мың шаршы метр болатын 585 жекеменшік тұрғын үй салынды. Барлық күш «Тұрғын үй-91» бағдарламасын орындауға жұмылдырылған 1991 жылдан 21 есе артық, дейді Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов.
¤Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 550 млн. теңге бөлініп, 86 нысанда 282 жұмыс орны ашылған. 2015 жылмен салыстырғанда нысан саны 5 есе, ал ашылған жұмыс орны 2,5 есе артты. Тағы да жұмыс орнын көбейту мақсатында аймақ басшысы жылыжай шаруашылығын жандандыруды тапсырып, Өзбекстанмен сауда аймағын ашуды қолға алу керектігін айтты.
-¤Өзбекстанмен қарым-қатынасты пайдалану керек. Мен Өзбекстанға өткенде барып келгенмін. Сол жақта қаншама келісім-шартқа қол қойдық. Бірге жұмыс жасайтын. Қарым-қатынас өзгерді, жолдар ашылып жатыр. 30 млн-ға жуық ол жерде халық бар. Соны пайдалану керек, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
¤Ауданда медицина саласына маман тапшы. Ауруханаға 20 дәрігер жетіспейді. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында диагностика деңгейін де көтеру керек. Осы орайда облыс әкімі аудандық денсаулық сақтау бөліміне бұл олқылықты жөндеуді тапсырды.
-¤Диагностикадан бастап, адамды соңына дейін емдеу керек. Егер оның алдын-алып профилактикалық жұмыстарды жүргізсең мұндай олқылық болмайды. Сіздің ауруханаңыз бен поликлиникаңыз ар жағындағы ауылдың амбулаториялық орталықтарымен бірігіп жұмыс жасаса, сіз сұрақтың шешімін табасыз. Жүйелік сұрақты ортаға шығарып, ертең маған облысқа алып келіңдер, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. ¤
Жиын барысында облыс басшысы аудан әкімі Басшы Әзірхановқа ауданды дамыту мен көркейтуге бағытталған жоспар әзірлеуді тапсырды.
ІІІ.
АРДАГЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
¤
Ауданның белсенділерімен кездескен соң, облыс әкімі 96 жастағы соғыс ардагерінің хал-жағдайын сұрап барды. Ақсақалға сыйлыққа теледидар беріп, ұрпақ үшін жасаған ерлігіне алғысын айтты. Мылтық Қарабатыров әскерге 1942-жылы Форт-Шевченко қаласынан аттанған. Сталинград майданында ұрысқа қатысқан. Талай қиындықты көрген майдангер әлі тың. Игі іске ризашылығын білдіріп, батасын берді.
-¤¤Ел аман, жұрт тыныш болсын. Жыл құтты болсын. Бұдан ары қарай да жастарымыздың жолы ашық болғанын тілеймін. Жылдан-жылға аман-есен жетейік, дейді соғыс ардагері Мылтық Қарабатыров.
Айман Оңғарбайқызы