Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар

Маңғыстау облысының әкімдігінде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған аппараттық кеңес өтті. Жиында өңір экономикасының даму динамикасы мен өнеркәсіп секторының мәселелері талқыланды.

Маңғыстау облысының өңдеу өнеркәсібінде өсім бар. Жыл басынан бері өндіріс көлемі 2,1 пайызға артып, 65 млрд теңгені құрады. Әсіресе, химия өнеркәсібі көш алда. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы да қалыспайды. 6 айдың ішінде 4 млрд теңгенің өнімі шығарылған.

-І жарты жылдықта облыс аумағында мал басы көбейген.  Қой мен ешкі саны 44,4 пайызға өссе, жылқы 10,4 пайызға көбейген. Ал, түйе басы 8 пайызға артқан. Барлық қала мен аудандарда ауыл шаруашылық өнімінің көлемі артқан, дейді Маңғыстау облысының экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасы басшысының м.а. Халила Нұрғалиева.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласының  физикалық индекс көлемі 104 пайызға жетті. Осылайша, біздің өңір республика бойынша бесінші орынды иемденді. Аймақ басшысы бұл межемен тоқталмай, аталған салада әлі де жұмыстануды тапсырды. Әсіресе, мал шаруашылығына  жіті көңіл бөлу керектігін айтты.

-Биыл мал шаруашылығының дамуы жақсы. Ауа-райы да жақсы болып тұр. Қаншама жаңбыр жауды. Жем, шөпті толық қамту керек. Бұл жағынан келгенде басқа облыстарда мүмкіндік көп. Жем, шөпті сол жақтан алып қою керек, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Облыс инвестиция тартудан да көш ілгері. Негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 221,6 млрд теңге. Бұл өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 15 пайызға артық.

-Ең үлкен көрсеткіш өнеркәсіпте. 144,6 млрд. теңге. 65 пайызын құрайды. Жылжымайтын мүлік операциялары 44,6 млрд. теңге. көлік және қоймалау 20 пайыз, дейді Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қарасаев.

Өңірдің құрылыс саласы да қарқынды дамуда. 6 айдың қорытындысы бойынша аймақта 60 млрд теңгенің құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілген. Оның басым бөлігі тұрғын үй саласына тиесілі.

-Жыл басынан бері, 542,564  мың квадрат метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Біз үнемі анализ жасап отырамыз. Жылдың аяғына дейін 16, 17, 19, 31А, 31Б, 34, 35 және Приморский шағын ауданынан 220 мың квадрат коммерциялық үй салынбақшы, дейді Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы басшысының м.а. Лепес  Бекжанов.

Сондай-ақ, өңірде «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» да тиімді жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін осы бағдарлама   аясында құны 74 млрд теңге тұратын 8 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 460 жаңа жұмыс орны ашылады.

 

Айман Оңғарбайқызы

Суретті түсірген: С. Майемеров.