Маңғыстау түйелерінің сүті мен шұбаты қатерлі ісік ауруына шалдықтырады
Мыңдаған жылдардан бері дертке дауа, бойға қуат болған шұбат шынымен денсаулыққа зиян ба? Маңғыстаулық экологтар чехиялық сарапшылармен бірлесіп, шұбаттың құрамынан адам денсаулығына зиянды токсиндер анықтағанын айтады.
Маңғыстау облысында үш жыл қатарынан «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы Қарағанды облыстық экологиялық музейі және Чех Республикасының «Арника» экологиялық ұйымымен бірлесіп, «Экологиялық таза технологияны ендіру» бағдарламасы бойынша зерттеулер жүргізген. Аталған ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин сол бағдарламаның бір бағыты экологияның Маңғыстау облысындағы тағам өндірісіне, ет пен сүтке әсерін зерттеу болғанын жеткізді.
«Біз Маңғыстау жұрты кеңінен тұтынатын шұбат пен түйе сүтін зерттеуді қолға алдық. 2015-2016 жылдар аралығында Шетпе, Жармыш, Басқұдық, Ақтау, Құрық, Ақшұқыр, Таушық, Қызыл-төбе сынды елді мекендердегі түйе сүті мен шұбаттан сынамалар алып, зерттеуге жібердік. Зерттеуге бір ғана емес, 200-ге жуық түйеден сүт алынды. Сынама Чех республикасына жолданып, қосымша Нидерландыдағы зертханаға жіберілді. Екі зертхана қорытындысы бойынша, түйе сүті мен шұбаттан мырыш құрамының артық екені анықталды. Ол ағзаға әсер етіп, қаназдық ауруына шалдықтырады. Сонымен қатар, полихлорланған дифенилдер де табылды. Бұл элемент адам ағзасында көп жиналатын болса, қатерлі ісік ауруына шалдықтырады», — дейді Кирилл Осин.