Маңғыстауда алғыс айту 30 күнге жалғасады
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Асар» қайырымдылық шарасының жалғасы ретінде «Жомарт Жүрек» акциясын жариялады. Қайырымдылық шарасы наурыздың 1-31 аралығында облыс бойынша өтеді.
Өңір әкімі алдымен облыстық мүгедектер мен қарттар үйі мен ҰОС ардагерлерін мерекемен құттықтай отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты. Шара барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «АСАР» қайырымдылық шарасының басталғанын салтанатты түрде жариялап, облыстық мүгедектер мен қарттар үйіне арнайы сыйлығын тарту етті.
«Өздеріңіз жақсы білетіндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы Жарлығына сәйкес, 1 наурызда елімізде Алғыс айту күнін атап өтеміз. Сондықтан көктемнің шуақты мерекесі алғыс айтуды өздеріңізден бастауды ұйғардық. Бұл жай мереке емес. Алдымен, ұлан-байтақ даламызды бізге аманат еткен ата-бабамызға алғыс айтамыз. Әке-шешемізге, ұстаздарымызға, дәрігерлерге, Отан қорғаушыларымызға және еліміздің ертеңі жастарға алғысымыз шексіз!Қаншама қиын кезеңдерді бірге өткізіп, талай жеңістердің басы-қасында бірге болып, Елбасының әрбір бастамасына қолдау көрсеткен халқымызға, соны жүзеге асырған Елбасыға рақмет айтамыз! Айтуға оңай шығар бірақ соның бәрін өз қолымен жасау оңай емес. Қаншама тер төгілді. Тәуелсіз Қазақстанның шекарасы бекітілді. Бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері мойындады. БҰҰ-да Қазақстан Елбасының төрағалығымен үлкен кеңестер өткізіп жатыр. Оның сардарлы салмақты саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстан үшін, оның тұғырлықазығын қаққаны үшін, дүниежүзіне үлгілі ел болғанымыз үшін рақмет! Елдің алғысына бөленіп, жүрекке жылу сыйлау үшін «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясын бастауды ұсынамын. Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл жыл басында облыс бойынша «Асар» қайырымдылық шарасын бастаған болатынбыз. Нәтижесінде, 30 миллионнан аса қаржы жиналып, үш жарым мың отбасыға (3500) көмек көрсетілді. Бұл бастама тек бұнымен тоқтап қалмайтынын айтқан болатынмын. Ендеше, бүгін міне, игі іс дәл осы шарада, дәл осы уақытта салтанатты түрде жалғасын таппақ», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
«Мен баршаңызды Алғыс айту мерекесімен құттықтап, алдымен денсаулық тілегім келеді. Сондай-ақ, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа еліміздегі бейбітшілік, тыныштық, бірлік пен береке үшін шын жүректен алғыс айтамын! Қарттарын ұмытпай қажет етіп, үнемі қамқорлық танытатын облыс басшылығына, мәдени және ұлттық орталықтар өкілдеріне ризашылығымды білдіремін!», — деді Надежда Аустрина.
30 күнге жалғасатын «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясының мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтары: аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету, олардың тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілігін өтеу. Сонымен қатар, 1 ай бойы «Жомарт-Жүрек» экспозициясымен арнайы
автокөлік облыстың екі қаласы мен барлық ауданын аралайды. Көмекке мұқтаж жандар өздерінің сұранысын жазып, жәшікке сала алады.Барлық ниет білдіруші мұқтаж жандарға көмек көрсете алады. Сонымен қатар Наурыз айында бүкіл өңірде «Жомарт-Жүрек» қайырымдылық марафоны аясында 20-дан астам іс-шара өтеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі