Маңғыстауда Қазақстан мұнайының 125 жылдығы аталып өтті.
28 тамыз күні Ақтау қаласында Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, ЕТҰ қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты.
Салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты»ЖШС, «Caspi Bitum» ЖШС, «ҚазГӨЗ» ЖШС және басқа да кәсіпорындардың еңбек сіңірген қызметкерлеріне мерейтой медальдары, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың облыс экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді.
— Баршаңызды «Қазақстан мұнайының 125 жылдық» мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауының байлығы халық игілігіне қызмет ету керек деп атап өткен болатын. Сол айтқандайын, дамыған елдердің қатарына қосылған Қазақстанның басты байлығын халық игілігіне айналдыруда аянбай еңбек етіп жатқан қызметтеріңіз әрқашан құрметке лайық. Мұнайшылар мен газ саласы қызметкерлерінің еңбегі ұлттық экономиканы дамытуға және елдің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға қомақты үлес қосуда.
Республикада өндірілетін мұнай мен газ көлемінің 20 пайызы Маңғыстау өңірінде өндіріледі. Кәсіби мереке қарсаңында Сіздерге еліміздің, облысымыздың өсіп-өркендеп дамуына қосқан үлестеріңізге, кен игеру саласындағы абыройлы істеріңізге шынайы алғысымды білдіремін, -деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетсек, аймақтағы мұнай-газ саласы кәсіпорындарының қолдауымен өңірде бірқатар маңызды әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеруде.
Салтанатты шара қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.