Маңғыстауда мемлекеттік білім гранты иегерлері 2 есеге өскен

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын іске асыру мақсатында маңғыстаулық педагогтардың облыстық тамыз конференциясы өтті.

Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаметінің директоры  Ш.Каринова «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы К.Шамшидинова мен аймақ мұғалімдері қатысты.

Өткен оқу жылында Маңғыстау облысының білім саласы бірқатар жетістіктерге жетті. Облыс командасы республикалық пәндік олимпиадада бас жүлдеге ие болды. Халықаралық Менделеев олимпиадасында  білім инновация лицейінің 11 сынып оқушысы Ғалымжан Молдағұлов 3 орынды иеленді. Ресейде өткен «World Skills» халықаралық чемпионатында туризм және Бейнеу политехникалық колледж студенттері Тілектес Әлқуатов пен Еркебұлан Сұлтанғалиев жүлделі орындар алды.

Биыл мемлекеттік білім гранты иегерлері 2 есеге артты. 2016 жылы – 542 грант болса, 2017 жылы -1053 грант, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша — 446, ал 2016 жылы -158.  Жаңаөзен қаласының №18 орта мектебінің 88 түлектің ішінен  41-і мемлекеттік грантқа ие болды.

Биылғы жылдан бастап дарынды балаларды қолдау мақсатында облыс әкімінің 50 білім гранты бөлінді.

Сапалы білім – қомақты қаржыны талап етеді. Жыл сайын білім саласына бөлінетін  қаржы көлемі ұлғайып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биылдың өзінде 14,6 млрд, өсті.

Осы жылы Маңғыстау облысында 9 мектептің құрылысы басталды.

Қазіргі таңда облысың 700 мұғалімі ағылшын тілін оқып жатыр. Жаңа оқу жылында облыстық бюджет есебінен 300 ауыл мектептерінің ұстаздарын оқыту көзделіп отыр.

–Елбасымыз биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында адами капитал сапасын арттыруды күн тәртібіне қойды. Ол үшін білім беру жүйесінің ролін экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдырумыз қажет. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында білім беру саласындағы маңызды мәселелерді шешудің бағдарламасын ұсынды. Ендігі бағыт-бағдар айқын. Мақсатымыз – ұлттық сана-сезімі жоғары, отаншыл, табысты, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ел тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайтын тұлға тәрбиелеу, — деді өз сөзінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Шара соңында бірқатар ұзтаздар облыстық әкімдіктің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен,  «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.

«Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының грантын Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі иеленді.

Білім беру ұйымдарында жыл бойы табысты еңбек етіп, түрлі  деңгейде жетістікке жеткен 10 ұстазға облыс әкімі атынан еліміздің шипажайларына жолдама табысталды.

Конференцияда педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру және облыстың инновациялық білім жүйесінің дамуы мәселелері бойынша бірлесе жұмыс атқару мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының арасында өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

        

Айман Оңғарбайқызы