МАҢҒЫСТАУДА ҮШ МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРАДЫ
«AMANAT» партиясының бастамасымен елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы осы жылдың мамыр айында басталған болатын. Аталған жобасының мақсаты — тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және несие алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу болып табылады.
«AMANAT» партиясы «Halyk Bank»-пен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Партия «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірлесе отырып, қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру жобасы үшін тренерлерді оқытты.
Республика бойынша аталған жоба аясында алпыс мың адамды, ал Маңғыстау өңірінде үш мыңнан астам тұрғынды оқыту жоспарланып отыр.
Осы жылдың мамыр айынан бері өңірдегі аудан-қалалардағы өткен семинарға 2 мыңнан астам адам қатысып, біліктіліктерін арттырды.
Қаржылық сауатсыздықтың салдары орасан. Қарызы жамала берген соң несиеге барып ұрынады. Алған кезде банктің пайызын (процентін) есептеп жатпайды. Соңында ай сайынғы берешегі табысынан асып түседі. Төлей алмаған соң есепшоты бұғатталады. Олардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар, құмар ойындарға тәуелді болғандар мен банк борышкерлері бар.
«Қарызсыз қоғам» жобасы қаржыны тиімді жұмсауды, өзінің мүмкіндігін саралауды көздейді. Жастар арасында қаржылық сауаттылық жоғары болған жағдайда келешек жастар білікті болады. Ақтау қаласы бойынша бір апталық курста Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Ақтау колледжінің, Х.Өзбекғалиев атындағы политехникалық колледжінің және Маңғыстау туризм колледжінің 320 студент пен ұстаздар қаржылық сауаттылық курсына қатысып, сертификат алды.
Оқытушылар жастардың қаржылық сауаттылығын арттырғандарына қуанып, өздері де жақсы ақпараттар алғанын айтты. Ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жастарға керек, өте жақсы ақпараттар айтылғанын алға тартты.
«Осы курста студенттеріммен бірге өзімде оқыдым. Өте жақсы ақпараттар алдық. Балалар қазірден қаржыны үнемдеу, дұрыс пайдалануды және гранттарға қатысу үшін қалай жоба жасақтау керектігін түсіндірді. Заңсыз бұғатталған шоттарды ашып, алаяқтардан сақтану туралы білді. Жастарды осындай қажетті ақпараттармен сусындатып, дәріс өткізіп жатқан «AMANAT» партиясына рақмет», — дейді Маңғыстау энергетикалық колледжінің ұстазы Айшат Бөлекбаева.
Осылайша қаржыны мақсатты пайдалануды көздеп, құжаттарды дұрыс рәсімдеуді үйренгісі келетіндерге арналған курс тегін және қазіргі заманда ауадай қажет екенін түсінгендер қатары көбейгендігі қуантады.
Дайындаған Кәмшат Айбергенқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы