Маңғыстауда «Үздік педагог» және «Үздік білім беретін ұйым» сыйлығы тағайындалды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында бұдан былай Маңғыстау облысы әкімінің «Үздік педагог» және «Үздік орта білім беретін ұйым» сыйлықтарының конкурсы жыл сайын ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев өңір басшысына облыста жыл сайын «Үздік педагог» байқауын ұйымдастыру туралы ұсыныс берді.

Ұстаздар арасындағы байқауды ұйымдастырудың мақсаты — педагог қызметінің мәртебесін арттыру, білім беру ұйымдарының үздік көрсеткіштерін насихаттау және білім беру ұйымдарының педагогтары мен басшыларының кәсіби және жеке тұлғалық өсуін ынталандыру.

Сыйлықтар тек қана бір «Үздік жыл мұғалімі» және жекелеген  номинациялар бойынша  тағайындалады.

«Үздік педагог» бойынша берілетін 10 номинация ұсынылды.

Конкурс нәтижесінде үздік жыл мұғалімі анықталып, облыс әкімінің 1 млн. теңге және әр номинация бойынша Маңғыстау облысы әкімнің 500 мың теңге сыйлығы тағайындалады.

«Үздік білім беретін ұйым» сыйлықтары 5 номинация бойынша анықталатын болады.

Әр номинация бойынша Маңғыстау облысы әкімнің 1 млн. теңге сыйлығы тағайындалады.

Конкурсқа меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан педагогтар мен білім беретін ұйымдар қатыса алады.

Конкурстық комиссияның құрамына мемлекеттік органдар, облыстық білім басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық білім саласындағы бақылау департаменті, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, облыстық оқу-әдістемелік орталық, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы, «НұрОтан» партиясы МОФ, ҚР мемлекеттік қызметтер істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің,  Қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары,  ардагер ұстаздар енгізілді.

-Еліміздің ертеңі -білімді жастар. Ал сол жастарды тәрбиелеп оқытатын — ұлағатты ұстаздар. Сондықтан бұл мамандық иелерінің еңбегі әрқашанда бағалануы тиіс. Сол себепті, осындай байқаулардың ұйымдастырылуын мен қолдаймын,-деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Сыйлықтар жыл сайын мұғалімдер күніне орай тапсырылады.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі