Маңғыстаудың балуандары

Білекті балуан – Сәндібек

 Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында Ел біріншілігі өтті. Жарысқа 35-39 жас аралығындағы балуандар қатысып, боз кілемнің шаңын қақты. Олардың арасында маңғыстаулық балуан Сәндібек Дүйсенбеков та бар. Жарыс қорытындысында Сәндібек күміс медальді иеленіп, өзінің спорттық бабында екенін тағы бір дәлелдеп қайтты.

        image-20-05-16-05-30-2 -Бұл жарысқа мен Маңғыстау облысынан жалғыз өзім қатыстым. Сондықтан да намысқа тырысып, жүлделі орыннан көрінуге барымды салдым. Қазіргі таңда мұнай саласында жұмыс жасап жүрсем де, уақыт тауып спортқа көңіл бөліп тұрамын. Жалпы менің спортты жаныма серік еткеніме-25 жыл болыпты. Менің спорттық жарыстарға қатысуыма қолдау көрсетіп жүрген  Манарбек Бисекеновке, осы жолы мені самбо күресінен дайындаған белгілі бапкер Берік Жұмағалиевқа алғыс айтамын. Бұл жолы жарыста 68 келі салмақта күрестім. Менің салмағымда 8 балуан болды. Алдымен оңтүстік қазақстандық, жезқазғандық, алматылық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, финалға өттім. Алайда финалда алматылық балуанға есемді жіберіп алдым. Екінші орынды иеленіп, жерлестеріме күміс медальді сыйға тарттым. Отбасымда ұлым да спортқа жақын, қызым өнер саласын таңдады. Болашақта ұлым да елге белгілі спортшы болып, үмітімді ақтайды деп сенемін,-дейді Сәндібек Дүйсенбеков.

Топ жарған – Сұңғат

         Оралда Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасында VІІ халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 250 спортшы қатысты. Олардың арасында маңғыстаулық балуан, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Сұңғат Жұбатқан да бар. Мықтылар бас қосқан бәсекеде жерлесіміз күміс медальді иеленіп, түбекке жеңіспен оралды.

image-23-05-16-11-27-8

         Боз кілемге 66 салмақта белдесуге шыққан Сұңғат астаналық, қызылордалық, атыраулық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалда қызылордалық балуанға жол беріп, күміс медальді иеленді. Балуанды жарысқа облысқа белгілі бапкер-Жомарт Қобланов дайындаған.

         -Биылғы жыл біз үшін табыстарға толы жыл болды. Сұңғат-мамыр айының басында Сатпаев қаласында академик Қ. Сәтпаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен халықаралық турнирде алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, қаламызда өткен дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирінде чемпион атанды. Ал, бұл жолғы жарыста күміс медальді иеленді. Оның өзін үлкен жетістік деп бағалаған болар едім. Қазір шәкіртім қазан айында Румынияда өтетін Әлем чемпионатына дайындалуда, деді Сұңғат Жұбатқанның бапкері Жомарт Қобланов.

 Айман Оңғарбайқызы