МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТАҢДАУЫ — ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯ

 

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде cөз сөйледі. Баспасөз конференциясында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» xалықаралық мамандандырылған көрмесінің Маңғыстау облысына экономикалық диверсификацияға, өндірістік қуаттарды жаңартуға, жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға қуатты серпін бергенін айтты.

«Экспо 2017» көрмесі ел экономикасының дамуына серпін берді. Жаһандық жоба әсіресе Маңғыстаудың әлеуетін арттыруға септігін тигізді. Түркияның, Қытайдың транс ұлттық компанияларымен және 20-дан астам елдің 40 делегациясымен кездесу өткізілді. Көрме аясында  облыс әкімдігі инвестиция көлемі 1,5 млрд. АҚШ доллары тұратын 7 меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда оның бірқатары жүзеге асуда. Атап айтқанда, малайзиялық «Reach Energy»  компаниясы өңірде табиғи газды сұйытатын зауыт құрылысын бастап та кетті.

Малайзиялық компания келесі онжылдықта бір миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға міндеттелді. 2017 жылдың аяғына дейін 50 жаңа жұмыс орын ашылады, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Экспо-2017» экология мәселесіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, бұл Маңғыстаудың өзекті мәселесі. Мұнайлы өлке жасыл технологияны енгізуді мақсат тұтты. Тіпті осы бағытта энергияны 40 пайызға үнемдейтін жоба да қолға алынған. Жаңа бастаманың аясында облыста 2 мектеп пен 5 балабақша жаңғыртылды. Ералы Тоғжанов алдағы уақытта мұндай жоба өңірдің барлық білім ордаларында іске асатынын айтты.

Қазіргі таңда Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданындағы бірқатар балабақша мен мектептер энергия үнемдейтін жобаны қолданысқа енгізген. Алдағы уақытта облыстың барлық білім ордалары осы жүйеге ауысады, дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.  

¤Бұл бастамасы ғана. Облыста жасыл экономиканы дамыту бойынша мұнай газ саласында 20 жоба жүзеге асады. Олардың бірқатары энергия шығынын үнемдеуге бағытталған.

-Қаламқас кен орнында 45 МВт газ турбиналық электр станциясын енгізу, бұл энергия шығынын 8,3 млрд. теңгеге үнемдеуге мүмкіндік береді, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қазақстандық газ өңдеу зауытын жаңғырту жобасы нәтижесінде апаттар қаупі төмендейді, «Өзенмұнайгаз» АҚ газ кен орнынан қуаттылығы 50 МВт газ турбиналық электр станцияларын салу жобасы, бұл электр қуатының шығындарын 50% үнемдеуге мүмкіндік береді, «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орнында майлы (құрамында мұнайы бар) қалдықтарды құрылыс материалдарын шығаруға пайдалану, ¤дейді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Баспасөз конференциясы барысында Ералы Тоғжанов аймақ тұрғындарының халықаралық көрмеге бір кісідей атсалысқандығын да алға тартты. Әлемнің назарын өзіне аударған жаһандық жобаға 80 мың маңғыстаулық белсене қатысты. Оның 14 мыңы жастар.

 

Айман Нұрмағанбет