МАҢҒЫСТАУҒА КЕЛЕТІН БҮКІЛ ЖОЛАУШЫЛАР ПОЕЗЫ ТОҚТАЙДЫ

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Маңғыстау» теміржол вокзалының басшысы Алма Айымқұлова хабарлады. 20-наурыздан бастап Нұрсұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілгеніне байланысты, «Маңғышлақ – Нұрсұлтан» бағытындағы поездің соңғы бекеті болып Атбасар белгіленсе, «Маңғышлақ – Алматы» бағытындағы жолаушылар поезі тек Шу бекетіне дейін жүрді. Аталған бағыттар 30 наурыз күні жолаушыларды тасуды тоқтатты. Сондай-ақ, жергілікті Маңғыстау – Бейнеу бағытындағы пойыз да 30 наурыз күні соңғы рет жөнелтілді. Айта кетейік, ертеңнен бастап Маңғыстаудан Атырау, Ақтөбе қалаларына қатынайтын барлық поездар тоқтайды. Өз кезегінде, Алма Айымқұлова төтенше жағдай аясында вокзалдың жұмыс істеу тәртібін, сақтық шараларын айтып өтті. Келіп-кетуші жолаушылардың барлығын экпидемиологтар арнайы құрал-жабдықтармен, тепловизорлармен тексеретінін мәлімдеді. «Осы күнге дейін вокзалда коронавирустық инфекция анықталған жоқ. Қызметкерлеріміз бен жолаушылардың қауіпсіздігі тиісті мамандардың жіті бақылауында», — деді Алма Айымқұлова.

Маңғыстау облысының қоғамдық

коммуникация орталығы