Маңғыстаулық оқушылар латын әліпбиін ерекше тәсілмен үйренуде

Маңғыстау облысындағы Шетпе гимназиясының директоры Гүларша Нұрмағамбетова ауыл балаларына латын әліпбиін үйретудің ерекше тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды BNews.kz Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Білім ордасының екінші қабатына көтерілетін баспалдаққа латын әріптерінің қасына қазақша нұсқасымен жаздырып қойған. Осылайша, баспалдақпен күнде көтеріліп-түсетін оқушылардың көзі еріксіз жаңа әліпбиге түседі. Бастама бар-жоғы бір аптаның ішінде оң нәтиже бере бастапты.

32 латын әрпі жазылып, жақтауы гүлмен көмкерілген басқыштарды гимназия шәкірттері алғаш көргенде таңданыстарын жасыра алмаған. Дәптерге өз есімдерінен бастап түрлі сөздерді латын әліпбиімен көшіріп жазып, қоңырау кезінде қызу талқыға салуы әдетке айналыпты. Бір қызығы, баспалдақпен жүгіріп ойнауды ұнататын бастауыш сынып оқушылары да аяғының ұшымен басып, дәліз бойымен асықпай жүретін болған.

«Шетпе гимназиясы» ММ директоры Гүларша Нұрмағамбетова мұндай әрекет оқушыларға латын әліпбиін үйретумен қатар, олардың жүру әдебін де түзетуге өз үлесін қосатынын атап өтті.

«Екіншіден, олардың жүру әдебін түзету мақсатында жасадық. Жасағанымызға бүгін төртінші күн, қоңырау арасында әдейі бейнебақылаудан қарап отырамын, бұл мақсатқа біз жеттік пе? Жеттік деп ойлаймын, себебі, ең бірінші күні мұғалім қолына қағаз-қалам алып, сабақ арасында өзінің атын жазып үйренді. Ұжым да, бала да жақсы қабылдады деп ойлаймын», — деді Гүларша Нұрмағамбетова.

11-сынып оқушысы Мәди Мәліков баспалдақпен жоғары-төмен шығып-түскен сайын латын әліпбиі есте сақталып қалатынын атап өтті.

«Гимназия мұғалімдері күнделікті сабақ беру барысында жаңалықтар енгізіп тұрады, сол жаңалықтардың дәлелі ретінде екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтарға латын әліпбиі орналастырылған болатын. Латын әліпбиіне ең алғашқы қадамдар біздің мектепте басталып жатқанына өте қуаныштымын. Күніне кемінде 10 рет көтеріліп, түсеміз десек, дәл осы латын әліпбиі санамызда жатталып қалады десек те болады», — дейді 11-сынып оқушысы.

15 жылдық тарихы бар Шетпе гимназиясын бас-аяғы 160 оқушы бітіріп шыққан. Былтыр 22 түлек «Алтын белгіге» ие болса, тағы 18 бала үздік аттестат алған.

Шетпе гимназиясының оқушылары үшін «Табыс» партасының орны ерекше. Мұнда оқуда озат, үлгілі тәртібімен өзгелерге үлгі, гимназия өміріндегі жаңалықтарды әлеуметтік желілерде тұрақты жариялап отыратын белсенді оқушылар ғана жайғаса алады.

«Табыс» партасына оқушылар әр апта сайын кезектесіп отырады. Олар сабақтан тыс уақытта екі кітап оқып, ұстазы қойған сұрақтарға жауап беру арқылы түсінігін байқатып отырады.

Айта кетейік, жас мұғалімдердің дені осы жерде білім алған. Еуразия ұлттық университетінің түлегі Сандуғаш Аманқосова қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Сандуғаш Аманқосова өзі білім алған мектепте қызмет етіп жатқанын ерекше атап өтті.

«Студенттердің көбі Астанада, Ақтау қаласында қызмет етіп, қалып жатады. Бірақ мен өзім Шетпе ауылына, 11 жыл бойы білім алған Шетпе гимназиясының білімін көтеруге, көркейтуге атсалысқым келіп, 3 жыл қатарынан қызмет етіп келемін. Жалпы осы қызмет еткен жылдарымда аудандық, облыстық дәрежеде орын алып жүрген оқушыларым жетерлік», — деді Сандуғаш Аманқосова.

Шетпе гимназиясы 2 қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда жылына 20-дан аса бала қабылданады. Одан артық алуға сынып кабинеттері жеткіліксіз. Бұл үшін кемінде 4 қабатты кешен керек. Қазір бұл мәселе Маңғыстау ауданы әкімдігінің қарауында жатыр.