Маңғыстаулық спортшылар жарады

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды спорт интернатының шәкірттері Павлодар облысының Ақсу қаласында өткен ақын, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлын еске алуға арналған турнирден жүлдемен оралды. Дзюдодан өткен республикалық турнирде ауылдың жас балуандары Индира Сейітова, Азамат Ақылбаев, Айбану Әсет топ жарып, жерлестеріне 1 алтын және 2 күміс медальды сыйлады. Сондай-ақ, футболдан өткен жолдастық кездесуде аталмыш спорт интернатының спортшылары жүлделі екінші орынды иеленді. Жарысқа спортшыларды ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев, облыстың дзюдодан аға бапкері Талғат Есекенов, бірінші санатты бапкер Ерлан Байысбай дайындады.

— Ақсу қаласында өткен республикалық жарыс 2001-2002 жылы туған спортшылар арасында өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 250 балуан қатысты. Біз спорт интернатынан 7 балуанды апардық, олардың арасынан Индира Сейітова (36 келі салмақта) алтынды, Азамат Ақылбаев (50 келі салмақта) және Айбану Әсет (аса ауыр салмақта) қола медальді иеленді. Одан бөлек спортшыларымыз футболдан өткен жолдастық кездесуге қатысты. Командалық есепте ақсулықтар бірінші орынды иеленсе, Жыңғылды спорт интернатының спортшылары екінші орынға, Семей мен Екатеринбург қаласынан келген командалар үшінші орынға жайғасты. Ағымдағы жылдың сәуір айында Жыңғылды ауылынан балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің филиалы ашылған болатын, бүгінде үш бапкер ауыл балаларын самбо мен дзюдодан жаттықтырудамыз. Қазіргі таңда ауылымызда 200-ге жуық жеткіншек спортпен айналысып, әртүрлі бағыттағы секцияларға қатысып тұрады. Аз ғана уақыттың ішінде облыстық, республикалық бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Шетпеде өткен облыстық ҚР чемпионатынан 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медальдарды қанжығаласақ, Талдықорған қаласында самбо күресінен өткен республикалық жарыста Бекзат Бергенқұл қола медальді және аймақта өткен дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирде  2 балуанымыз алтын,  4-еуі күміс және 8-і қола медальдарды еншілеп, ауылдың мерейін өсірді, — дейді Жыңғылды спорт интернатының бапкері Ерлан Байысбай.

________________________________________________________________________________

Каратэші қыз Гауһар

image-24-05-16-03-09-2Маңғыстаулық каратэші Гауһар Чайкузова «China Open» халықаралық турнирінен жеңіспен оралды. Каратэ-додан ересектер арасында өткен жарыста жерлесіміз күміс медальді иеленіп, ел мерейін өсірді. +68 келі салмақта өнер көрсеткен аруымыз 3 кездесуін жеңіспен аяқтап, финалда қарсыласына есесін жіберген. Жалпы, жарысқа Қазақстан, Қытай, Иран мемлекеттерінен 200-ден астам каратэші қатысқан.  

— Халықаралық турнирде қытайлық 3 қызды жеңіп, финалда ұтылып қалдым. Финалдағы қарсыласым Қытайдың №1 каратэшісі болатын, мен онымен 2015 жылы Жапонияда өткен Азия чемпионатында да финалда кездескен едім. Жалпы, бұл турнирден бөлек екі апта оқу-жаттығу жиынына қатысып қайттым. Білікті бапкерлерден дәріс алып, тәжірибе жинақтадым. Енді ағымдағы жылдың шілде айында Кореяда өтетін халықаралық жарысқа, ҚР чемпионатына, тамыз айында Португалияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайтын боламын, — дейді каратэші Гауһар Чайкузова.

Спортқа он жасында келген аруымыз республикалық жарыстарды былай қойғанда халықаралық бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап, өзге мемлекеттерде еліміздің әнұранын асқақтатып, көк байрағын желбіреткен. 2009 жылы Душанбіде өткен Орталық Азия чемпионатында, Грузияда өткен «Президент кубогінде», Малайзияда өткен халықаралық жарыста, Стамбұлда ұйымдастырылған «Опен Түркия» халықаралық турнирінде, Тәжікстанда ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Орталық Азия чемпионаттарында топ жарып, алтыннан алқа таққан. Сондай-ақ, Қытайда өткен Азия чемпионатында 2-орынды еншілеп, күмісті місе тұтса, Жапонияда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 3-орыннан көрінген. Осылайша, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.

_______________________________________________________________________________

Олжалы оралған Айболат

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбеде баһадүр батырды еске алуға арналған әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер арасында республикалық жарыс өтті. «Армысың, айбынды сарбазым!» деген ұранмен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің барлық өңірінен жинақталған 200ге жуық спортшы қатысқан. Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының намысын қорғаған, «Жастар» спорт мектебінің балуаны Айболат Мұратұлы (100 келі салмақта) бұл жолы да биіктен көрінді. Балуанымыз дүбірлі додада алтынды иеленіп, жерлестеріне тағы да жеңіс сыйлады. Айболат бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде топ жарып, ҚР-ның чемпионы атағын иеленген болатын. 

image-23-05-16-06-57-1

— Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ.Дәлбековке, облыстық спорт басқармасына, белгілі бапкер, спорт жанашыры М. Бисекеновке алғыс айтамын. Ерен ерлігімен тарих төрінен ойып орын алған қаһарман, күллі түркі халқының мақтанышына айналған қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлын еске алуға арналған жарысқа қатысып, елге жеңіспен оралғаныма өте қуаныштымын! Мені және Дінмұхаммедті жарысқа белгілі бапкер Сергей Волобуев дайындаған болатын, бапкеріміздің де үмітін ақтадық. Енді мен ел намысын ағымдағы жылы өтетін Азия, Әлем чемпионаттарында қорғайтын боламын, — дейді Айболат Мұратұлы.

Айта кетсек, республикалық жарыста 85 келі салмақта маңғыстаулық балуан Асхат Аманов күмісті иеленсе, 65 келі салмақта Дінмұхаммед Ережеп қола медальді алды.

Дайындаған Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ