Мәні бар әдет-ғұрыптар

Қазақтар ежелден бұлжымайтын әдет-ғұрпын сақтаған қонақжай, кеңпейілді, жомарт халық. Олар үйіне келген кез келген адамға міндетті түрде тегін қонақасы беру, оған жайлы төсек-орын салып, қондырып жіберетін әдет-ғұрпын баяғыдан сақтайтын. Алайда үй иесі қонаққа ондай құрмет көрсету дәстүрінен бас тартса, кез-келген жолаушы үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқықты болған. Ал би қонақжайлылық әдет-ғұрыпты бұзған үй иесіне ат-тон айып салатын. Дегенмен де мұндай келеңсіз оқиға қазақ арасында өте сирек кездесетін. Сондай бұлжымайтын әдет-ғұрыптың бірі — дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбей жібермейтін.  «Қуыс үйден құр шықпа»деген сөз осыдан қалған. Тағы бір әдет-ғұрыперулік беру. Басқа жақтан жаңадан көшіп келген жандарды  оның туған-туыстары және көршілері арнайы дастарқанға шақырып, тамақ беретін болған. Осылай олар көшіп келген туыстарына немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін сездірген. Ал көшіп келгендер де жаңа қонысқа тез үйреніп, айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға ықыласты болатын. Қазақтарда кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі — қалау. Үйге келген қонақтың сол үйдегі өзіне ұнаған нәрсенің кез келгенін қаладым деп айтуына болады екен.  Оны үй иесі міндетті түрде беруі  қажет. Осының  өзі адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты, сыйластықты білдіреді екен. Анасы аман-есен босанып, дүниеге жас нәресте келген соң  осы әдет-ғұрыппен кіндік шешесі өз қалауын айтып, ұнаған нәрсесін алуына болатын.

 Қымызмұрындық — қымыз ашыту маусымының басталуына байланысты болатын әдет-ғұрып. Ауыл адамдары бірін-бірі шақырысып, қымыз ішер алдында арнайы дастарқаннан дәм татады. Сосын ақсақалдар қымызмұрындыққа шақырған үй иелеріне ақ батасын береді. Қазақтарда жылу жинау әдет-ғұрпы да бар болатын. Мұнда кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе дұшпанның шабуылынан, қатал қыстыңауыртпалығынан, су тасқынынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына ауылдас немесе туысқан адамдар көмеккөрсетеді. Олар зардап шеккен жандарға  қолдарынан келгенінше мал береді, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көрсетеді, үй салып алуына  жәрдемдеседі. Бұл зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны ашынғандықтың, қамқорлық жасағандықтың бір белгісі. Шамасы бола тұраондай көмек көрсетуден бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен аластатылатын. Ал мұндай жазаға тартылғандар  өз руынанжанашырлық, жақсылық көре алмайды. Өйткені ондай құқықтан айырылған болып есептеледі.

 Қазақ халқында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен бөлшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына жәрдемдеседі. Ол ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша болады. Бұл қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен көмектесуінің  бір көрінісі.

 Бұрыннан келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі — асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірігіп жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге біріге жәрдемдеседі. Ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі осы асар  болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік, ерсі қылық саналатын. Елімізде әлі де осы әдет-ғұрыпты пайдаланып, көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салынып жатыр.                  Шаргүл Қасымханқызы