Маңызды құндылықтар-мемлекет пен ел дамуының кепілі

Мемлекетіміздің  стратегиялық мақсаттарына жетуі үшін бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтарымыз маңызды рөл атқарады. Қазақстанның егеменді ел ретінде дамуы оның ішкі тұрақтылығы мен халық арасындағы бірлігіне тығыз байланысты елдің бірлігі мен тұрақтылығы қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың басты негізі болып табылады. Ал тұрақтылық дегеніміз- елдің саяси- экономикалық жүйесінің тұрақтылығы, қоғамдық тәртіптің сақталып, заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтарының қорғалуы. Қазақстандағы тұрақтылық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасайды, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды. Осы елде тұрып жатқан барлық  жан елдің тұрақтылығын сақтауға міндетті.

Әр қоғамның маңызды қағидаты – әділдік болып табылады. Қазақстанда құқықтық жүйеде, саяси шешімдерде және күнделікті өмірде әділдік принциптері жүзеге асады. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау, әркімге тең мүмкіндіктер беру және әлеуметтік әділеттілік орнату арқылы орындалады. Әлеуметтік әділдік ұлттың бірлігін күшейтеді, сондай-ақ  қоғамдағы алшақтықты азайтып, әр азаматқа құрмет пен қолдау көрсетуді көздейді. Президентіміз  Жаңа Қазақстанды «Әділетті Қазақстан» деп жариялап отыр.

Ынтымақ – қоғамның бірлігін сақтап, әртүрлі топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылық. Еліміздің  көпұлтты және көпмәдениетті қоғамында ынтымақ пен өзара түсіністік ұлттар арасындағы татулық пен тұрақтылықты арттырады. Ынтымақ-бірлік болмаған қоғамда алауыздық пен келіспеушіліктер пайда болмақ. Осыған сәйкес  мемлекет әрқашанда  бірлік пен келісімді сақтауды көздейді.

Сенім – қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі элементі. Өз өмір сүріп отырған мемлекетіне, үкіметіне және бір-біріне әрбір азамат сенім артуы тиіс. Біздің елімізде сенім мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп, жақсартуда маңызды рөл атқармақ. Ол үшін мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғап, әділдікті қамтамасыз ету керек.

Жауапкершілік – қоғамның әрбір мүшесінің өз міндеттерін орындауын білдіреді. Барлық азаматтың өз отанына, қоғамға және отбасына деген жауапкершілігі  зор болуы керек. Ол мемлекет пен қоғамның өркендеп дамуына үлес қосып, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты ұстап тұруды қамтамасыз етеді. Демек, ендігі жерде баршамыз мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңына топтаса отырып, еліміздің экономикасын дамыту, заң үстемдігін орнатып, әділетті қоғам орнатуға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті Әділетті Қазақстанды орнату екенін айта келіп: «Шын мәнінде, әділдік, ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында» деп тұжырымды ой айтты.

Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығы, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауапкершілік – елдің тұрақты дамуы мен гүлденуінің басты тіректері. Олай болса, бәріміз  өз құқықтарымызды қорғаумен қатар, азаматтық жауапкершілігімізді де терең сезінуіміз керек.

Шаргүл Қасымханқызы