МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Аудан әкімдігінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары басшылығының қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өткізілді.
Мәжіліске аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Дархан Нұралиев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің қызметкерлері мен жастар қатысты. Жиынды аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы ашып, жүргізіп отырды.

Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе «2022 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың тиімділігі, оның ішінде кәмелет жасқа толмағандармен жасалған қылмыстардың орын алу себептері» бойынша аудан прокурорының орынбасары Әділет Тойбековтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы аудан прокуратурасымен жергілікті атқарушы орган және АПБ-мен 2022 жылы аудан аумағында қылмыстың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне, оның ішінде кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстардың орын алу себептеріне талдау жүргізді. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, былтырғы жылы жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2021 жылмен салыстырғанда 13%-ға төмендеген. Алайда, жекелеген қылмыс түрлерінің саны артқан. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, ауыр санаттағы қылмыстар дерегі бойынша тергеу жұмыстарында кемшіліктер байқалған. Аталған мәселелер тұрғысында ювеналды полиция тобының аға инспекторы Ерлан Тұрғынбаев пен аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтың есептері тыңдалып, анықталған кемшіліктер негізінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жүргізу» тақырыбы бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жалғас Алишев, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтердің есептері тыңдалса, үшінші мәселе «Діни терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл» тақырыбында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі дін секторының меңгерушісі Сәуле Арғынбаева баяндама жасады.

Кездесу соңында аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы қылмысқа қарсы күрес бойынша нақты бірлескен жоспарлар құрып, профилактикалық іс-шараларды жандандырып, күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар алгоритмде көрсетілген шаралардың барлығын уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.

Арайлым НАРБАТЫРОВА. Байзақ ауданы