МАҢЫЗДЫ РЕСУРСЫМЫЗДЫ МОЛАЙТУҒА МҮДДЕЛІМІЗ

НАҚТЫ СЕКТОРДА
Инфрақұрылым, құрылыс, энергетика, тұрғын-үй, көлік салалары тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттар екені сөзсіз. Облыс әкімінің осы салаларға жетекшілік ететін орынбасары ретінде Мемлекет басшының алға қойған міндеттері мен облыс әкімінің тапсырмаларының өңірде жүзеге асырылу барысы туралы қысқаша ақпаратты өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім.
ТІРШІЛІК КӨЗІНЕ ТАРШЫЛЫҚ БОЛМАУЫ ТИІС
Ауыз су адам баласының күнделікті тіршілігіне қажетті тіршілік көзі екендігі айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы қала және ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған болатын. Бұл бағытта өңірде ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен санағанда қалаларда 97,5 пайыз, ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды құрап отыр.
Ал, ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен мен Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап болса, биыл 37 елді мекен мен 5 тұрғын алқап сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта бюджеттен 21,5 млрд. теңге бөлініп, 68 жоба іске асырылуда.
МАҢЫЗДЫ РЕСУРСЫМЫЗДЫ МОЛАЙТУҒА МҮДДЕЛІМІЗ
Ал маңыздылығы күн сайын артып келе жатқан электр энергиясын өндірумен облыста 24 компания айналысады. Олардың жалпы қуаты 1844 МВт құрайды. Соның ішінде «Жамбыл ГРЭС» компаниясы еліміздің оңтүстік бөлігінде ең ірі электр энергиясын өндіруші саналады. Аталған компания инвестициялар есебінен алдағы 3 жылда 115,0 млрд. теңгеге қуаты 210 МВт электр энергиясын өндіретін газ-турбиналық станциясының құрылысын іске асырмақ.
Бұдан бөлек, өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері бар. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Осы басымдықты бұдан әрі арттыру мақсатында алдағы уақытта облыста 3 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда.
ЖЫЛЫТУ МАУЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛУДА
Сонымен бірге, облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары ұдайы қадағалауды қажет ететіндігі сөзсіз. Жалпы облысымыздағы жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құраса, оның 55,5 пайызы ескірген. Бүгінде 7,1 млрд. теңгеге Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жоспарлы 6,1 шақырым жылу желілерінің 4,6 шақырым ауыстырылады.
Сондай-ақ, Қаратау және Жаңатас қаласының жылу желілерін және қазандықтарын қайта жаңарту жұмыстары іске асуда. Бұдан өзге өңірдегі бюджеттік ұйымдарға 38,4 мың тонна көмір жеткізілді.
КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ
Облыстың 4 қаласында жалпы 1 831 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 671-і жөндеуді қажет етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2011-2023 жылдары аралығында жалпы 561 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, жалпы 5,9 млрд. теңгеге 79 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде. Нәтижесінде, жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 32,3%-ға төмендейтін болады.
ТАБИҒИ ГАЗ – ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІНЕ
Облыстың 2024-2040 жылдарға арналған өңірлік газ балансы бойынша қазір тұтынылатын газдың көлемі жалына 2,2 млрд. м3 құрайтын болса, 2030 жылға қарай 4,8 млрд. м3, 2040 жылға 6,0 млрд. м3 болады деп күтілуде. Бұл ретте, Мемлекет басшысының бастамасымен оңтүстік өңірлердің газ балансын қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі Катарлық инвестормен бірлесе «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісінің құрылысын 2025-2027 жылдары іске асыруды жоспарлануда. Нәтижесінде, газ құбырының өткізу қабілеті жылына 30 млрд. м3 дейін ұлғаймақ.
Қазіргі таңда облыс бойынша газдандырылмаған 86 елді мекен бар. Оның ішінде 38 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүруде, 2 елді мекеннің жобалық–сметалық құжаттары әзірленіп, 13 елді мекенге бюджеттік өтінім тапсырылды, 33 елді мекенде халық саны аз болуына байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарлануда.
ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ
Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді-мекен көшелерінің желісі бүгінде 10 084 шақырымды құрайды. Оның 690,5 шақырымында жол жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Келер жылы 189,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды, 150 шақырым елді мекен көшелерін орта жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар 1194 шақырымды құрайтын республикалық жолдардың жақсы жағдайын 97,3 пайызға жеткізу бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған.
ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫ ЖАНДАНДЫ
Облыс бойынша 138 автобус маршруттары ұйымдастырылған. Ағымдағы
жылы қалалық маршруттарды жаңартуға
80 бірлік жаңа автобустар жеткізілді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін қосымша 60 автобус сатып алу жоспарда.
Ал. Темір жол саласы бойынша Жамбыл жол бөлімшесінде 8 вокзал жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда Тараз вокзалы арқылы 24-25 жолаушылар поезы қатынайды. Оның ішінде 4 халықаралық поездар. Жыл басынан бері вокзалдар 661 мың адамға қызмет көрсетті.
Сонымен бірге «Халықаралық Әулие-Ата әуежайынан» Астана, Алматы және Атырау бағыттарында әуе рейстері қатынауда. Еліміздің басқа облыс орталықтарына және демалыс орындарына қосымша әуе рейстерін ашу бойынша жоспарлар бар.
СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫН БАҚЫЛАУ БАСТЫ НАЗАРДА
Биыл 121 құрылыс объектілеріне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анақыталып, мердігерлерге әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынумен қатар қолданыстағы сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Жалпы облыс аумағында құрылысы тоқтап тұрған 51 сақалды құрылыс нысандары болған. Бүгінгі күнге 24 нысан пайдалануға берілді.
АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Өздеріңізге белгілі, биыл табиғи апат салдарымен халқымыз аз күрескен жоқ. Облысымызда авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін қауырт жұмыстар 3022 рет атқарылып, нәтижесінде 302 адам құтқарылды және 204 адам төтенше жағдай аумағынан шығарылды. Өкініштісі, тіркелген төтенше жағдайлардың 90 пайызы тұрмыстық өрттен болып отыр. Бұдан өзге биыл орман өрттерінің саны 4 есеге артты. Өрттердің басым көпшілігі – биік өскен шөптің құрғауы, жауын-шашын кезіндегі найзағайдың түсуінен орын алған. Ал, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Талас өзені арнасының жағалауларын бекіту жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 6 елді мекенді су басу қауіпі жойылды.
ТАЗАЛЫҚ – ӨМІР АЙНАСЫ
Табиғи апаттардың, тілсіз жаудың алдын алуда халықтың қоршаған орта мәдениетін қалыптасытырудың маңыздылығы зор. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы ел аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылуда. Бүгінгі күнге ұйымдастырылған сенбіліктерге өсім бойынша жалпы 700 мыңнан астам өңір тұрғындары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері атсалысты. Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 129 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 16 мың тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары