«Мақат-Доссор» көлік жолы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөнделуде

Атырау облысындағы Мақат пен Доссор поселкелерінің аралығындағы жол біраздан бері жыр болып айтылып келе жатқан еді. Енді сол жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жолдың 17 шақырымына төсем жасалып, жол құрылысы жалғасуда. Мұны Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.

«Мақат-Доссор» жолын қалпына келтіру «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.  Тапсырыс беруші — ҚР автокөлік жолдары комитеті. «Ақтөбе-Атырау» автокөлік жолының 487-504 шақырымында орналасқан учаскедегі жөндеу жұмыстарына Азия Даму Банкі қаржы бөлді. Бөлінген қаржының жалпы сомасы 3,3 млрд. теңге екенін айтсақ, 2018 жылы қалпына келтіру жұмыстарына сол қаржының 2,5 млрд. теңгесі игеріледі.

-Қазір жұмысшылар ескі асфальт төсемін алып, жаңасын салуға дайындап жатыр. Учаскені қалпына келтіруге 47 адам жұмылдырылды,- дейді «Атыраужолзертханасы» РММ-ның құрылыс жұмыстары жөніндегі инженері Нұрлан Жантөрин.

Сондай-ақ «Атырау-Астрахан» жолын қалпына келтірудің екінші кезеңі бойынша 277 шақырымға жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Қазір Ислам Даму Банкімен келісім-шарт бекітілуде, жақын арада жоба қаржыландырылып, жұмыс жалғасады.

                                                                                              Светлана Муньянова