Мақсатымыз – агросаланы алға бастыру

Енді не істемек керек? Қуаңшылық қайта айналып соқса, өзегіңе ылғал жібермес оның тар-қапас қамытынан қалай құтыламыз? Біздіңше, жауап біреу, жол айқын. Ол, соңғы онжылдықтарда күрт өзгерген ауа-райынан рахымшылдық күте, аспандағы бұлтқа сеніп, табиғатқа телміруден гөрі, қолда бар құнды судың әр тамшысын су қоймаларында сақтап, оны тиімді пайдалану. Сондай-ақ, зерттеулер көрсеткендей, аймағымызда мол қоры бар жерасты суларын «суыртпақтап» сыртқа шығару арқылы оны заманауи әдіспен тамшылатып немесе жаңбырлату қондырғыларын көптеп пайдалана отырып, соңымызға түскен құрғақшылықтан біржола құтылу болып тұр.


Рас, гидро және мелиорация мамандары ағын су тапшылығы боларын бұрыннан-ақ болжап, дабыл қаққан. Алайда, пендешілік болар, көп жағдайда табиғаттың тегін сыйы – қалың қар мен сіңімді жаңбырға сеніп жүретін қарапайым шаруалар өткен жылдың қуаңшылығынан мықтап сабақ алғандықтан, биылғы жылдан бастап су мәселесіне жаңаша қарайтынын күтеміз.

 

Рас, замана ағысынан озбаса да, онымен қатар жүріп, соңғы жылдары тамшылатып суарудың өте тиімділігі мен одан алатын өнімнің мол екеніне баса мән беріп, рентабельдігі жоғары дақылдар, оның ішінде, бау-бақша өсіріп отырғандар да аз емес. Мәселенки, Ақаралдағы А.Бондарьдың «Гүлдер» шаруа қожалығы ондаған гектар жерін кәдуілгі жер құдықтың күшімен-ақ, шын мәнісінде, гүлдендіріп отырғанынан бәріміз құлағдармыз. Тіпті, оның шаруашылығының тәжірибесімен бөлісу мақсатында, онда бірнеше мәрте облыстық, аудандық семинарлардың өткеніне де куәміз.

Сондықтан, жоғарыда біз айтқандай, өткен жылдағыдай құрғақшылықтың «құрбанына» айналмас үшін әзірше баламасы жоқ, жалғыз ғана тиімді тәсіл – жер асты суларын пайдалану үрдісі биылғы жылдың күн тәртібінен еш түспеуі жөн. Сол себепті де, осы күннен ерте қамданып, Бондарьдың көпке үлгі болар, болашағы зор жұмыс әдісін өз алқаптарымызда да қолданғанымыз абзал.

 

Міне, сәрсенбі күні Тараздан ауданымызға арнайы келген облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Шөкеев Мұратхан Жүнісәліұлының басты мақсаты – алдағы көктемгі-жазғы дала жұмыстарына арқау болып, күзде жинап алар мол өнімнің негізгі алғышарты саналатын су қоймалары мен ағын судың мәселесімен танысу болды.Облыстық лауазымды тұлғаны қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров ағын суды тұтынушы аудан шаруаларының өткен жылғы ахуалынан хабардар етіп, олармен біріге жұмыс жасаушы жергілікті биліктің ағымдағы жылға су мәселесі бойынша алға қойған жоспарларымен таныстырып өтті.                                                Одан кейін «Кіші арал» мен «Көлтоған» (Мозговой) су қоймаларының мемлекеттің қоржынынан қыруар ақша жұмсалып, бөгеттері қайта жасалғанымен, көп мерзім өтпей-ақ сапасыз жұмыстың салдары сан соқтырып, оның кей бөліктерін су шайып кетуіне байланысты (төменгі суретте) су қорын сақтау мүмкін еместігін ескерген Бақытхан Әбжапаров Мұратхан Жүнісәліұлын тап сонда бастап апарды (жоғарғы суретте).                                                                                                                                                                                                                       Иә, әлдекімдердің немкеттілігі мен жауапсыздығының кесірі екені айдан анық, там-тұмдап жоғарыдан келген, жаздыгүні алтынмен тең есіл су жырылған арнадан жол тауып, айдалаға, құмға барып тектен-текке сіңіп жатуы, жанды сыздатпай қоймайды.
– Су тапшылығы кезіндегі кереғар тірлікті жергілікті жерде көруді де жоспарлап келіп едім. Қазіргі таңда бұл көңіл көншітпейтін мәселе бойынша сот орындары тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде. Оның қорытындысынан кейін су қоймаларындағы бұл олқылықтардың орнын толтыруды қолға аламыз, – деді М.Шөкеев.
Одан кейін тау етегіндегі бақтақ (форель) балығын өсіру бағытындағы шаруашылықта болған облыстық басқарма басшысы Мұратхан Шөкеев, аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмас Ерғазыұлы жеке кәсіпкер Азиз Рузиевпен кездесіп, жұмыс барысымен танысты
А.Рузиев өткен жылы 1700 келі бақтақ балығын сатылымға шығарғанын, дегенмен, шаруашылықтың көлемін ұлғайту үшін сол маңдағы босалқы жатқан 2 гектар жер теліміне қол жеткізу мақсатында конкурсқа қатыспақ ойын жеткізді.М.Шөкеев өзінің тарапынан заң талаптарына сай келетін барлық көмекті қуана ұсынатынын айтып, кәсіпкердің күн жылына қайта бастайтын ісіне сәттілік тіледі. Осы тұста айта кетерлігі, ағын су мәселесі Азизді де тұйыққа тіреп отырған сыңайлы. Былтыр жақын жердегі арықтың суы тартылғандықтан, жүздеген метр қашық жерден тұрба арқылы су тартқан ол енді су сорғысы үшін электр энергиясына да тәуелді болмақ екен. Бұл бойынша М.Шөкеев пен Б.Әбжапаров сонау алыстан электр бағанын орнатып, сым тартқанша, қаржы үнемдеу үшін күн сәулесін, яғни, заманауи жасыл энергия көзін пайдалануды ұсынды. М.Шөкеев бұл сапарында Гранитогор ауылындағы «BESTER VAPD» ЖШС-нің толық пайдалануға берілгенде 1 жылда 200 тн. уылдырықты бекіре балығы мен сол көлемдегі жайын балығын өсіруге қауқарлы зауытында болды. Серіктестік директоры Сергей Енкин барлығы 45 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылатын балық зауытының жақын уақытта қолданысқа берілетін цех ішін аралатып көрсетті. Жақын күндері арнайы бассейндер орнатылған соң, көктемнің ортасы, ары ұзағанда жаздың басында мұнда шабақтар жеткізілмек екен. Ал, аса қажетті кей қондырғылар Ресей астанасы Мәскеуден тапсырыс бойынша алынатынын, балықты өңдеу цехына келсек, ол нысан жыл аяғына дейін бой көтеретініне тоқталды.
Сөз соңында айтарымыз, «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін жаңа дәуірге аяқ басып, жаңарған жаңа Қазақстанды құруға кірісіп жатырмыз. Бұл үрдістен экономиканың басты драйвері әрі азық-түлік қауіпсіздігін алға сүйрейтін локомотив – ауыл шаруашылығы да сырт қалмауы тиіс.

Әлихан Нұралиев, (суреттер автордікі), «Меркі тынысы»