МАҚТААРАЛҒА КӨМЕК

Солтүстікқазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек жөнелтті.

Айдың-күннің аманында бар мал-мүлкінен айырылып, үй-күйсіз қалған тұрғындарға ел көлемінде қолдау көрсетілуде. Осы игі дәстүрді жалғастырған солтүстікқазақстандықтар 20 тонна азық-түлік, оның ішінде 14 тонна ұн, 5 тонна картоп және 1 тонна макарон өнімдерін арнайы жүк көлігімен жіберді.

 

 

Гуманитарлық көмекті жинауға облыстық әкімдік, “Nur Otan” партиясының өңіріміздегі филиалы, мемлекеттік ұйымдар, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері, депутаттар мен бизнесмендер атсалысты. Қазір су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы штабпен тұрақты байланыс орнатылуда.

– Біз осындай қиын сәтте отандастарымызға қамқорлық танытып, қолдау көрсетуге тиіспіз. Мақтаарал ауданының тұрғындары үшін азық-түлік жинау жедел ұйымдастырылды. Қызылжарлықтар белсенділік танытып, ізгі іске өз үлестерін қосуға асықты, – деді зардап шеккендерге солтүстікқазақстандықтардың ыстық ықыласын жеткізетін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күні Мақтаарал ауданында 14 ауылдың 30 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Су астында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық ғимарат және Мәдениет үйі, 55 шақырым жол мен көпір қалды. Сонымен қатар жерді емген мақтааралдықтардың 7639 гектардан астам егіс алқабы да су астында жатыр.

Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.