МАҚТАНЫШ ЕТЕМІН
Мамандық таңдау мәселесі деген не? Қазір әр адамнан мамандық таңдау мәселесі деген не ? — деп, сұрасақ көптеген жауаптар айтады. Әр адам ол өзің қалаған мамандық деген пікірлер айтады. Ал негізгі бағытына,мәніне тоқталатын болсақ. Мамандық таңдау мәселесі көптеген жылдар бойы өзекті болып келеді. Ата-бабамыз, жазушы ақындарымыз мамандық таңдаудан жаңылыспау керектігін айтқан.
Адамның болашақта істейтін әрекеті қаржылық жағдайы, әлеуметтік жағдайы, қоғамға айтарлықтай әсер етеді, онымен өмір бойы байланысуға тура келеді. Алайда, белгілі бір саланың маманы болмас бұрын, «кім болу керек» деген ойдан бастап, жұмыс үшін барлық қажетті білім мен тәжірибені алумен аяқталуы керек.
Мамандық таңдау мәселесі жастар мен жұмыс істеп жүрген кісілердің арасында да өзекті мәселелердің бірі.
Осындай өз мамандығын мақтаныш көретін, бүгінде ұстаз Әбілқазы Ибраймов өз мамандығын былайша мақтан етеді.
— Мен, Әбілқазы Ибраймов Байзақ ауылында 1997 жылы, қаңтар айының 2 жұлдызында дүниеге келдім. Ауылдағы Сыдық Абланов орта мектебінде оқып, 9-сыныпты бітірген соң 2013 жылы аудан орталығындағы № 3 Байзақ колледжіне «Дәнекерлеу ісі» мамандығына түстім.
Бұл мамандықты зерттеп-зерделей келе, сұранысқа ие, әрі әлемдік өндірісте алатын орыны ерекше екенін ескере келе таңдадым. 2015-2016 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы, 6636 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтедім. Әскерден келіп оқуымды қайта жалғастырдым. 2017 жылы колледжі бітіріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне «Кәсіптік оқыту» мамандығына қашықтықтан оқыту, жеделдетілген бөліміне түстім.
Оқуды бітірген соң 2019 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Дәнекерлеу ісі» мамандығының өндірістік оқыту шебері лауазымына жұмысқа орналастым. Осылайша біраз жылды қалаған білімімнің жемісін көре бастадым. Қазіргі таңда осы оқу мекемесінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша шеберхана меңгерушісі қызметін атқарудамын.
Әртүрлі облыстық, республикалық байқауларда өзім тәлімгерлік еткен алғыр әрі білімді студенттерімді бәйгеге қосудамын. Алдағы мақсат- «Worldskılls Kazahstana» чемпионатын облыстық, республикалық, одан әрі әлемдік деңгейде бағындыру.
Осы жылдың 3 маусымында облыстық “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен өткен кәсіби жастардың «Профи-2022» облыстық байқауына қатысып, «Дәнекерлеуші» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды иелендім.
Бұл байқау жұмысшы мамандықтарды жетілдіру және кәсіби жастардың арасында бәсекелестікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Осы сияқты жастарды қолдау, олардың өз мамандықтарын, әсіресе жұмысшы мамандықтарды жетілдіру мақсатында әртүрлі байқаулардың көптеп болғаны дұрыс деп есептеймін.
Қай оқу орнында оқысам да, қай жерде қызмет етсем де өзімнің тәртібім, білімім бойынша тек алғыс алып келемін. Астана қаласының құрдасы болғанымды әркез мақтан етемін.
Сондықтан да тек мақтауға ілігіп, жақсы жаңалықтарыммен көрінгім келеді. Елордамыз жыл сайын көркейіп, асқақтап келе жатқаны маған әрдайым күш-қуат беруде деп ағынан жарылады.
Расында мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Мамандық – өмір сүру көзі болып табылатын және белгілі бір жауапкершілікті, дайындықты талап ететін еңбек қызметінің маңызды бір бөлігі.
Қазіргі кезде жоғарғы сынып оқушыларының, әсіресе, мектеп бітіретін түлектердің мамандықты таңдауда бірнеше факторды зерттеу психология ғылымы үшін маңызды болып табылады.
Мектеп бітіруші түлектің алдында тұрған осындай маңызды мәселені дұрыс таңдауы қоғамға өзінің бір үлкен үлесін қосады.
Ал, олардың болашақ мамандығын саналы түрде дұрыс таңдауына ата анасы, сынып жетекшісі мен мектеп психологы көмектесуі қажет.
Сондай-ақ, жастар саясатын дамытуда да осы мәселені басты мақсат етіп ұстансақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Көркем Асқар