«Маралды»курорттық аймағы туристтердің сүйікті демалыс орнына айналды
Естай ақын әнге қосқан, атақты қыз Қорланның туған жері Маралды көлінің жағасындағы демалыс орны Павлодар облысының ғана емес, көршілес РФ Алтай өлкесінің туристерін де қызықтырып отыр. Ағымдағы жылдың маусым айының 24-і күні курорттық демалыс орнының ашылу салтанаты өтті.
Жергілікті халық қалжың ретінде «Маралдивы» деп атап кеткен Маралды курорты алдағы жаздың ішінде жетпіс мыңға дейін туристі күтіп алуға дайын. «Маралды» курорты» ЖШС-ің өкілі Жанар Жақанова демалыс орнының даму жоспары туралы айтып берді.
— Біз туристерге ұлттық тағамдар ұсынып, киіз үйлерде едмалуға жағдай жасайық дп жатырмыз. Демалыс орнын ұлттық нышанда безендіру үшін арнайы дизайнер шақырдық, — деді Жанар Жақанова. – Көлдің жағажайына екі мыңға жуық жатын орын, киіз үй тәріздес алыпшатыр және этноауыл құрып жатырмыз. Біздің компания демалыс орнын дамытуға 100 млн. теңге қаражат бөлді.
Айта кету керек, Маралдының шипалы тұзды суына шомылып, емдік қасиеті мол балшығын пайдалану үшін туристер ересек аадм үшін 500 теңге, балалар үшін 300 теңге төлейді. Маралды көліне жазғы уақытта күніне мың жарым автомобиль немесе шамамен 2,5 мың демалушы келеді.
Облыс әкімінің орынбасары Жайық Серікқалиев Маралды қазақстандықтар үшін ғана емес, Ресей Федерациясының көршілес жатқан Алтай өлкесі, Новосібір, Омбы облыстарының тұрғындарының арасында да өте танымал.
— Маралдыкөлінің суы көптеген дертке ем. Көбінесе, халық мұнда ревматизм, буын ауруларын емдеу үшін ағылып келеді. Өңірде туризмді дамыту бағдарламасына сәйкес Маралды көлін абаттандырып, демалушылар үшін жайлы жағдай жасау бойынша қызу жұмыстар жүріп жатыр. Курортты аймақтағы құрылыс жұмыстары жергілікті халық үшін де аса тиімді. Олар демалыс аймағында жұмыс істеп, қосымша қаражат тауып отыр, — деді Жайық Серікқалиев.
Әлихан Рахметоллаұлы