Марапат, мақтауды қаламайтын әкім

«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың мұң-мұқтажы мен жанайқайын тыңдайтын басшылар аз болса да, бар екендігіне Ақтөбе облысы, Шалқар ауданын аралаған сапарымызда көз жеткіздік. Аудан әкімі Қаниев Бауыржан Нұралыұлының халық үшін жасап жатқан жұмысына дән риза тұрғындардың ыстық ықыласы мен ілтипатын естіп тәнті болдық.

Өлкенің өркендеуі мен өрлеуі істің
ұтымды жүргізілуінен

Ақтөбе өңіріндегі ең үлкен аудан Шалқар өңіріне табан тіреп, аудан әкімі Бауыржан Нұралыұлы Қаниевке жолығып, әңгімелескенімізде ол кісінің аса тәжірибелі, ел басқаруда ысылған адам екенін байқадық. Асқаралы 60 жасқа осы жылдың қаңтарында келген азамат Мәскеудің ауылшаруашылығы академиясын бітіре салысымен-ақ Мұғалжар сынды сан-салалы өлкеде мемлекеттік жүйенің сан қырлы саласында еңбек еткен екен. Бұдан соң Бауыржан Нұралыұлына өндірісті Хромтау ауданын басқарып, ел ризашылығына бөленген.
Мен жергілікті аудандық «Шалқар» газетінің биылғы жылғы тігіндісін парақтап отырып, Қазақстанның құрметті журналисі Меңдіхан Әділханұлы ағамыздың Бауыржан Қаниевтің өміржолына тоқталған «Еңбегін еліне арнап келеді» деген мақаласына көзім түсті, ден қойып оқып шықтым. Түйгенім, ол кісі ешқашан марапатқа, мақтауға мұқтаж болмаған және соларға қайтсем де қол жеткізем деп жанын салмаған адам екенін сезіндім. Сонымен қатар Бауыржан Нұралыұлының жастайынан-ақ зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп, топ жарған, толысып, есейген шағында іскер де білімді маман, беделді де талапшыл басшы адам екенін аңғардым. Бұндай азаматты атақ та, мансап та, даңқ та өзі іздеп табатыны белгілі.
Бауыржан Нұралыұлы Темір ауданын басқарған 2009-2015 жылдары ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыстар атқарыпты. Сол кезеңдерде аудан басшысы ең алдымен кезек күттірмей шешілуге тиісті мектеп, балабақша ғимараттарының дұрыс болуы, жұмыссыздықты жою, жастардың демалыс уақытын өткізетін орындары мен көшелерді жарықтандыру, ауылды абаттандыру, тағы да басқа сан салаларға назар аударып, нақты нәтижелерге қол жеткізген екен. Аудан орталығы Шұбарқұдықта екі, Темір қаласына, Сарыкөл ауылына, Құмқұдыққа, Қопа ауылдарына 50 орындық балабақшалар салынып, жалпы алты жыл ішінде 10 балабақша пайдалануға беріліп, төртеуі күрделі жөндеуден өтіпті. 2012 жылы халық саны көп орналасқан өндірістік орын Кеңқияқта 600 орындық, Шұбаршиде 300 орындық, Шұбарқұдық кәсіпшілігінде 320 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілсе, Шұбарқұдықтағы №3, Қайыңдыдағы Абай атындағы, Кереев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтіпті.

Бауыржан Нұралыұлы қай ауданды басқарғанда да жастарға сенім артып, оларды көтермелеп жүретіні байқалады. Мәселен, Темір ауданын басқарған кезеңдегі үлкен сыйы — аудан орталығынан жаңа жасыл жамылғылы стадион салдырған екен. Бұл күнде осы заман талабына сай салынған стадионда облыстық жарыстар, форумдар өткізіліп тұратын болыпты. Сонымен бірге алты елді мекенде жасанды жамылғылы теннис кордтары бой көтерген.
Бауыржан ағаның бастамасымен Н.Байғаниннің 150 жылдығы, тұңғыш генерал Ж.Кереевтің 80 жылдығы, Достан хазіреттің 200 жылдығы, мұнайшы Н.Имашевтің 100 жылдығы, Нұрлепес атаның 120 жылдығы өз деңгейінде дүрілдеп өткен, өңір халқы әлі оны ұмытқан жоқ.
Темір ауданының өндірістік тынысы мұнай өндіру болса, Б.Қаниев басқарған кезеңде оның көлемі 95 миллиард 51 миллион теңгеге дейін жеткізіліпті. Ал шағын және орта кәсіппен айналысушылар саны 986-дан 1403-ке дейін өсіпті. Ауданға келген бюджеттің көлемі 1 миллиард теңгеден 3 миллиард 640 миллион теңгеге дейін жеткен.

Шалқардағы кемел істер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2016 жылдың шілдесінде Шалқар ауданын басқаруға жіберілген Бауыржан Қаниевтің аз ғана уақыт ішінде шалғай жатқан өлкенің шаруасын ақсатпай, қай саласын да өрге сүйреп, 100 пайыз көрсеткіштерден түсірмегенін білдік. Әрине бұның барлығы тағы да іскерлік, тәжірибеге келіп тіреледі. Өткен жыл Шалқар ауданы үшін берекелі болған екен. Дейтініміз, салық түсімдерінен 429 миллион теңге артық орындалып, облыс бойынша аудан алғашқы үштікті түйіндепті. Негізгі қорға 44,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, алғашқы қатардағы аудандардың алдын орап кетіпті. «Бұның барлығы ауданымыздағы 50 мың халықтың ерен еңбегі, жетістігі деп есептеймін» — дейді, аудан әкімі бізбен әңгімесінде.
Шалқар ауданы өндіріс саласы бойынша 14,9 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 101,4 пайызды құраған екен. Өткен жылы бастау алған үлкен жұмыстың бірі — жеке кәсіпкердің қаржысына 20 жылдан бері тоқтап тұрған, кезінде Шалқардың бренді болған «Шалқар суы» минералды су құю цехы 780,0 миллион теңгеге қайта жарақталып, іске қосылыпты. 40 адамды жұмыспен қамтып, өнім өндіруді бастап кеткен. Бірнеше жыл бұрын жұмысы тоқтаған «Көктас» минералды су құю цехын осы жылдың күзіне қарай қайта іске қосу қолға алынуда екен. Аудан әкімінің тағы бір қолға алған жұмысы — тоқтап қалған өндіріс орындарын қайта іске қосу екені байқалады. Әрине, бұл оңай емес, үлкен күш-жігерді талап етеді. Мәселен, «Шалқар қаласында темір-бетон зауыты жұмыс істемей тұр, жекенің қолында, осы зауытты қайта іске қосуға күш салудамыз, бұйымдары сұранысқа ие болады, жүзден астам адамға жұмыс орыны ашылады», — дейді аудан басшысы.
Өткен жылдың желтоқсан айында телекөпір арқылы ел Президентіне таныстырылған Бозой ауылдық округіндегі тәулігіне 27,0 миллион текше метр газ кептіретін қондырғы іске қосылып, таза, сапалы көгілдір отын өндіруге қол жеткізілген.
Шалқар ауданы негізінен мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Бұл сала бойынша жалпы өнім көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарына 11,3 миллиард теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 107 пайызды құраған. Ауылшаруашылығы құрылымдары салаға 135,5 миллион теңге инвестиция тартыпты, ол өткен жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артық екен. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша 250 бас мүйізді ірі қара, 104 бас жылқы, 280 бас қой алынып, ауданға берілген тапсырмалар артығымен орындалған. Ауданның ауылшаруашылығы құрылымдары асыл тұқымды 342 бас мүйізді ірі қара, 600 бас қой, 33 бас жылқы сатып алып, мал басын асылдандыру жұмыстарын тиімді жүргізген екен. Мал азығын дайындау, мал бордақылау алаңарына бұқашықтар тапсыру, экспортқа ет өткізу тапсырмалары да артығымен орындалыпты. Мәселен, өткен жылы Башқұртстанға 10 тонна қой еті экспортталған екен. 2017 жылы ауылшаруашылық құрылымдарына 114,2 миллион теңге субсидия, жаңадан техника алған және ұңғыма қаздырған шаруа қожалықтарына 9,2 миллион теңге инвестиция төленген.
Басталған жылдың басындағы жақсы жаңалық, Есет Көтібарұлы ауылдық округінен «Нұралы» шаруа қожалығы жалпы құны 120,0 миллион теңге болатын 400 басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңының, ет өндіру цехының құрылысын аяқтап, іске қосқан. «Енді шаруаларымыз малдарын қашық жерге апармай, осы алаңға өткізетін болады», — дейді аудан басшысы. Ауданда бағаны қымбаттатпау басты назарға алыныпты. Ол үшін апта сайын аудан орталығында ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу қолға алынған. Шалқар қаласындағы «Гаухартас», «Бекаслан», «Сұңқар», «Абзал» дүкендері жанындағы қоймаларда халыққа қажет азық-түлік қорлары жинақталыпты.
Өткен жылы аудандағы Байқадам, Қаратоғай ауылдарына газ кіргізіліп, Байқадам, Аққайтым елді мекендеріне ауыз су желілер тартылыпты, Біршоғыр елді мекенінің су желісі қайта жарақталған. Бүгінгі күні Шалқар ауданында қала мен он бір елді мекен табиғи газды пайдаланып, қамтылуы 84,5 пайызды құрап отыр. Бұл — үлкен жетістік.
Шалқар ауданында жұмыспен қамту мәселесі де көңіл көншітерлік екенін байқадық. Мәселен, өткен жылы 2229 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, жыл бойы түрлі бағытта 3245 адам қамтылып, жоспар 145,6 пайызға орындалыпты. Жаңадан 850 жұмыс орнын ашу жоспарланса, 1065 жаңа жұмыс орыны ашылып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 86 адам 262,5 миллион теңге несие алып, 110 жұмыс орыны ашылған.
2017 жылы бюджеттің 57,8 пайызы білім саласына жұмсалған екен. Қаратоғай елді мекенінен 120 орындық орта мектеп құрылысы салынып, пайдалануға берілген. Осы жылы Тоғыз елді мекенінде 120 орындық жаңа мектеп құрылысы, қаламыздағы №5 мектеп-лицейіне арналған 320 орындық мектеп құрылысы жүргізіледі. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жыл бойы 95,2 миллион теңгенің 40 жобасы іске асырылған. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Т.Аминовтың демеушілігімен Жылтыр елді мекенінен 25 орындық балабақша құрылысы, Б.Әуесхановтың демеушілігімен Тоғыз орта мектебіне спорт алаңы, сонымен қатар мектеп түлектерінің демеушілігімен мектептерге 32,9 миллион теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынып беріліпті. Осы акцияның аясында үстіміздегі жылы да Шалқар ауданынан спорт алаңдары мен саябақтар салуға ұсыныстар түсіп жатыр екен. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қауылжыр елді мекенінен 50 орындық балабақша және Аққайтым елді мекенінен 100 орындық клуб құрылысы салынады деп жоспарлануда.
Ауданда 34 мәдениет ұйымдары тиімді жұмыс атқарып отыр. Өткен жылы Айшуақ ауылдық округінің орталығы Бегімбет ауылынан клуб құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, биылғы жылы қажетті қаржысы бөлініпті. Байқадам Мәдениет үйіне де жергілікті бюджеттен 37,0 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі күні ауданда бұқаралық спортпен айналысушы тұрғындардың үлесі 29,0 пайызға жеткен. В.Цеханович атындағы №1 спорт мектебінің директоры Серік Жоламановтың ұмтылысымен, аудан әкімшілігінің қолдауымен мектептің 50 жылдық мерейтойы дүбірлеп өтіпті. Грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты Шалқарда ұйымдастырылған. Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко бастаған спорт саңлақтары Шалқар жеріне келген шалқарлық Мирамбек Айнағұлов грек-рим күресінен Әлем чемпионатында күміс жүлде алған оғлан екен. Өткен жылы ұлттық бағыттағы №2 спорт мектебі ашылып, онда қазақша күреске жасөспірімдер тартыла бастағанын көрдік.
— Осы жылғы үлкен міндеттеріміздің бірі — Шалқар қаласындағы «Факел» стадионын заманауи үлгіде күрделі өндеуден өткізу, осы мақсатқа бюджеттен 120,0 миллион теңге бөлініп отыр. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін Шалқар қаласынан «Workout» алаңдарын салуға 19 миллион теңге қаражат бөлдік, — дейді Бауыржан Нұралыұлы.
Әңгіме барысында Шалқар жастарының өте белсенді екенін байқадық. Өлкеде 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 11867 болып, ол жалпы тұрғындардың 25,9 пайызын құрайды екен. Ауданда жастар саясатын жүйелі жүргізу мақсатында Жастар ресурстық орталығына елді мекендерді аралау үшін қызметтік көлік алынып беріліпті. Жыл қорытындысымен жастар орталығы нәтижелі жұмысы үшін облыс әкімінің «Үздік жастар орталығы» номинациясына ие болып 100 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болған. «Жалпы аудан жастары жастық жігермен көптеген игі істер атқаруда, оны атап айтқан жөн. Өткен жылы көктемгі су тасқынын зардап шеккен ақтөбеліктерге көмектесу мақсатында қайырымдылық концерттер мен акциялар өткізді. Көмек мақсатында құрылған «Қолқанат» қорына 500 мың теңге және киім-кешектер мен азық-түліктер табыстады. «Үміт» сәбилер үйіне ақшалай көмек пен тәттілір алып берді. Бұл үлкен мейірімділік пен қайырымдылық», — дейді аудан әкімі.
Көптен бері қозғалып келе жатқан мәселенің бірі Шалқар көлінің табанын тазарту болса, осы мақсатта өткен жылы «Казводпроект» жобалау институтының мамандары келіп, көл табанына барлау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда институт мамандарымен жобалық құжаттар әзірленуде.
Ауданда Елбасымыз міндеттері мен бағыттарын айқындеп берген түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында іс-шаралар жалғасын табады. Әрбір перзенттің бойына патриоттық сезімді оятып, туған жеріне қамқорлық жасау үшін жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алдымызға қойған міндеттер мен мақсаттар, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, ауданның бұдан әрі дамуына, көркеюіне, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталатын болады, — деді бізбен әңгімесінде Бауыржан Нұралыұлы.

Менің алғашқы ұстазым әкем — Нұралы

Көкейімізге: «Бұл кісіні шаруашылықты ілкімді басқаруға үйреткен ұстазы кім болды екен?», — деген сауал келді және оны қойдық та.
— Менің алғашқы ұстазым, бағдаршамым — әкем Нұралы Қаниұлы. Осы ауданның Кішіқұм өңіріндегі 16 ауылында дүниеге келген. Ұзақ жыл ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Кеңшар директоры, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды. «Еңбек Қызыл ту», екі мәрте «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталды. Анам Талайлы ұстаздық қызмет атқарған. Әкем мені есейе бастағаннан-ақ жанынан қалдырмай бірге алып жүрді. Шаруашылықтарды аралайтынбыз, бұның барлығы болашақ өміріме сабақ болды. Әкемнен алған тәлімім үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық көрсету, айтқан сөзде тұру, бастаған ісіңді тиянақты аяқтау, — деді Бауыржан Нұралыұлы. Осы жерде ардагер-журналист Меңдіхан Әділханұлының «Бауыржанның өзі жиі айтатын: билік пен халықтың арасындағы байланыс айтқан ісіңді орындағанда ғана жақындай түседі, халықтың билікке деген сенімі де сонда дұрыс болады» деген сөз жолдары ойға орала берді.
«…Батаменен ер көгереді» дейді халқымыз. Бауыржан Нұралыұлы 8 жасында халық батыры Бауыржан Момышұлының қолынан Алғыс хат алыпты. «Осы бір мәртебелі сәтті өмірбойы ұмытпасым анық», — дейді ол. Сонымен қатар Бауыржан ағаның Тәуелсіздік жылдарындағы тынымсыз еңбегі «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен аталып өтіліпті. 2012 жылы «Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанған екен. «Осының барлығы маған зор жауапкершілік жүктейді», — дейді ол.
Облыстағы аудан басшыларының ішінде ең тәжірибелісі әрі жасы үлкені болғандықтан әріптестері Бауыржан Нұралыұлын өздерінің төрағасы деп сый құрмет көрсетеді екен. Ел-халықтың әлеуметік жағдайын жақсарту жолындағы тынымсыз атқарған еңбегі үшін тұрғындар да оны құрметтейді. Біз де Бауыржан Нұралыұлына әркез абырой биігінен көріне беруіне тілектестігімізді білдірдік.

Жұлдыз ӘБІЛ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі