Мәртөк ауданында көпбалалы отбасыларға әлеуметтік баспана салынып жатыр.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауылындағы әлеуметтік баспананың құрылыс барысымен танысты.
Өңір басшысы Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен 22 мамыр, сенбі күні барды.
Ауданда барлығы 500 адам үй кезегінде тұр. Аудан орталығы — Мәртөк ауылында биыл екіпәтерлі 39 үйдің құрылысы басталды. Бір пәтердің жалпы аумағы 64,8 м2 құрайды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Әлеуметтік жалдау келісімі бойынша үйлер 78 көпбалалы отбасылар мен баспана кезегінде тұрған басқа да санаттағы азаматтарға беріледі.
Аудан басшысына құрылыс барысы мен сапасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырған О.Оразалин: «Мемлекет басшысы мүмкіндігінше көп қазақстандық отбасының баспаналы болуына міндет қойып отыр. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Біздің міндетіміз — кезекке тұрғандарды тұрғын үймен барынша қамту үшін мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану»,- деп атап өтті.