МАСАНШЫДАҒЫ ОҚИҒА…. САБАҚ БОЛАР ТАЛАЙҒА….

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында болған дүрбелең қазақ даласын қойып, әлемді шарлап кетті. Сенсация қуған ақпарат желілері Қазақиядағы қақтығысты «Жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазуда.

«Ұлтаралық қақтығыс, билікке қарсы топтың әрекеті, дінаралық жанжал» деп «бал ашып» жатқандар қаншама! Кім не айтса да ар-ұятына тапсырдық. Бірақ жалған ақпараттың ушығуына да факті жетерлік. Масаншы бейне – қанды майдан даласы секілді отқа оранып тұр таратылған түнгі видеоларда. Бірақ, қанша жыл дұңған мен қазақтың арасында қандай салқындық болса да, мұншалықты көп құрбандық болмаған еді. Неге мұндай деңгейге дейін өршіді? Тәжіктермен, араптармен, түріктермен, армияндармен де арада болған келіспеушіліктер неден басталып еді? Бәрінің түбірі бір арнада тоғысып жатқан жоқ па, осы?
Бір заманда Александр Затаевич «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрған        секілді» деп тамсанса, қазір көзі тірі болса, «Маған бүкіл қазақ даласы теңіздей  толқып тұр» деп жазарына шүбәм жоқ.
Өйткені, соңғы жылдары қойдай қоңыр қазақтың мінезі жалына қол апартпайтын тарпаң жылқыға көбірек ұқсап барады. Оған себеп көп. Әлеуметтік теңсіздік, кең өріс алған парақорлық, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық арқылы қызмет сатысында өсу т.б, айта берсек жетіп жатыр. Мұның бәрі әбден қордаланған проблемалар. Екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тау болып үйілген бұл түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Бағы ма, соры ма! Өте бір өлара шақта билік тізгінін алған Тоқаев сын сағатында жүр. Анда барса арба сынады, мұнда келсе өгіз өледінің кебі баяғы… Сындарлы саясаттың «жілігін шағып, майын ішпесе» болашақта көңілге кірбің түсірер оқиғалар мұнымен бітпей ме деп қорқамын. Өйткені бүгінгі қазақ – бұрынғы рухы тапталған, намысы қақталған, жігері үзілуге шақ қалған жұрт емес, керісінше, рухы жаңғырған, намысы ағарған, жігері жаңарған ұлт!

Жамбыл облысының кеше ғана 80 жылдығы өтті дүркіреп. Сол елдің қызы болғандықтан жетістіктерге шаттанып, табыстарға марқайып жүр едім. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың іскерлігіне сүйсініп, ұлты үшін, тарихы үшін отқа түсер ерен еңбегіне халық та тәнті болды… Ризашылық сезімдер де теңіздей толқыды. Енді келіп мына жағдай орын алғалы есенгіреп қалдым. Жамбылдағы жағдай бәрімізді бей-жай қалдырмады расын айтсақ…
Біздің бала кезімізде киелі Әулие ата өңіріне ауып келген барлық ұлттар қазақша сөйлеп, қазақ мектептерінде бірге оқыдық, достасып та кеттік. Ол кездегі халықтың да ниеті мен пейілі керемет еді. Азға қанағат ететін, жоққа сабыр сақтайтын. Болдым-толдым деп тасымайтын. Біріне – бірі қарасатын. Әсіресе қазақ халқының мейірімділігіне қонақжайлығына өзге ұлттардың ризалығы шексіз еді. Тар кезеңде бір тілім нанын баласының аузынан жырып, тарыққан, елінен безіп қамыққан жұрттың ауызына тосып, өзегі талғанды аман сақтап қалғаны аңыз емес, шындық еді. Оны сол замандағы өзге ұлттың қариялары үнемі айтып отыратын. Оны көрген, естіген баланың жүрегінде қазаққа деген құрмет, риясыз махаббат туы желбірейтін. Сөйткен ағайынның «аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытып кеткендері қалай деген ой көптің көкейінде жиі бой көтереді. Ол заманда да ауыл арасында келіспеушіліктер, төбелестер болып тұратын. Алайда ел болып араласып тентекті тезге салатын екі жақтың ақсақалдары. Көненің көзі кеткесін, бәрі бетімен кеткені ме шынымен? «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген түсініктен жұрдай болғанымыз қалай?
Дүнгендердің дүңк мінезі намысқа тигенде, «осындайларға ерік беріп, құтыртып қойды ғой» деп, қынжылғанымыз да рас. Намысқа қызған қандастарымыз да қарап қалмады…
Оның арты қайғылы оқиғамен бітіп отыр. Қаншама жазықсыз жандар опат болып, қаншама шаңырақ қыстың көзі қырауда далада қалды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендерге қайғырып көңіл айтамын.
Бұл екеудің ерегесі емес, елдік мәселе болғандықтан, бұған сабырмен, ақылмен қараған дұрыс негізі! Себебі, заң ешкімнің ұлтына, нәсіліне, басқа да ерекшелігіне қарамайды ғой. Заң бәріне бірдей. Сондықтан, қызбалыққа салынып, қылмыскер болып қалудан қазақ баласы абай болғаны дұрыс! Елдегі тыныштықты сақтау — әр қазақстандықтың, соның ішінде, әр қазақтың міндеті. Өйткені, қазақ елінің заңды мұрагері де, ел иесі де — ҚАЗАҚ! Ол үшін қазақ баласы ынтымақта болуға тиіс.

Сәуле Мешітбайқызы