Мәселелерді шешу маңыздылығы назарда
20 ақпан күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жұмыс сапары Қақпатас ауылдық округінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен Беріктас ауылы, атап айтқанда 28 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке ат басын тіреді. Білім ошағының жалпы жағдайы, оқыту процесі, жылыту маусымының барысы жайында аудандық білім бөлімі, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің өкілдері мен мектеп басшылығы баяндады.
Осы ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің дәрі-дәрмекпен қамтылуымен, жылыту қазандығының жағдайымен танысты. Бұдан соң Қақпатас ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктке соғып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтылуы, басқа да маңызды тұстар жайымен танысқан аудан әкімі шешімін күткен мәселелер болса ашық айтуды ескертті. Осы Қақпатаста құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйі ауыл тұрғындары көптеп күткен нысан. Бегзат Болатбеков осы құрылыс басына барып, мердігерлермен сөйлесіп, жұмыстың сапалы орындалуы, құрылыс стандарттарының сақталуы қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар құрылысты аяқтау мерзімін де ұмытпаған жөн. Осындай тағы бір құрылыс нысаны – ауылдық учаскелік инспектордың тұрғын үйі. Құрылыстардағы жұмыс барысымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылығы таныстырып өтті. Ары қарай Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептің жұмысын қарап шыққан аудан әкімі осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында округ тұрғындарының сұрақтарын тыңдап, туындап тұрған мәселелерді жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аталған жиында шешімін күткен бірқатар ортақ мәселелер сөз болды. Олар бойынша әкім жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Қордай ауданының әкімдігі