Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімнің соңғы кездесуі
1931 жылы жазда Баянауыл елінде ұрпағы Шорманның Мұсасына үлкен ас беріп, соған Шыңғыстаудан Шәкәрім қажы келіпті. Шәкәрім құрдасы Мәшһүр Жүсіптен: «Мына жаңа заман қалай болады?», – деп сұрайды. Мәшһүр Жүсіп: «Бұл – аласапыран заман. Бұл – социализм деген заман, мағынасы құдайсыздар қоғамы деген. Дүниекезек деген бар емес пе, бір кезде – Құдай деген құстай ұшады, дедік, енді Құдай деген, мұрттай ұшатын заман болады, көрешек алда. Тірі қалғаның көресің. Шәкәрім, жағдай осылай», – деген екен. Мұса асынан кейін төрт күн елде қонақ болып, енді қайтам деген досы Шәкәрім қажыға Мәшһүр Жүсіп айтқан екен: «Аз ғана уақыт, төрт-ақ күн бірге болдық. Бұл екеуміздің ақырғы кездесуіміз болар, жас та келді, тағдыр да жақын. Дүние көшкен керуен ғой, дүниеге бірге келдік, бірге жүрдік. Енді сол керуенімізбен бірге кетуіміз керек қой. Біріміздің ажалымыз Алладан болар, біріміздің ажалымыз адамнан болар. Жас та келді, тағдыр да жақын. Ақырғы кездесуіміз осы болар. Қош сау бол!», – деп қош айтысып аттанады. Екеуі құшақтасып, кешу алысып, қоштасады. Екеуінің туған жылы да, өткен жылы да бір екен: 1858–1931 жылдар аралығында өмір сүрген. Мәшһүр әулиенің айтқаны келіп, өзі сол жылы 27 қарашада өз ажалынан өледі, ал Шәкәрім қажыны күз ортасында Шыңғыстауда НКВД жендеттері атып, сол маңдағы құдыққа тастап кеткен.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітабындағы Төлепберген Алдабергеновтың қалтырған жазбасынан алынды.