Мәснәуиден таңдаулы хикаялар: ЖАНУАРЛАРДЫҢ ТІЛІН ТҮСІНЕТІН АДАМ
Бір адам Муса (а.с) Пайғамбарға келіп:
«Уа, Муса! Өтініш, дұға етіңіз де мен жануарлардың тілін түсінейін және мұнан өмірдегі өз орнымды тауып, жақсы бір адам болайын» — дейді.
Муса (а.с) болса:
«Қане, өз жұмысыңды істе, көтере алмайтын жүкті арқалама. Мынау хәлің өзің үшін әлдеқайда қайырлы» — деп жауап қатады.
Алайда әлгі адам тыңдамай, табандылық танытып тұрып алады:
«Уа, Муса! Өтініш, Тым құрығанда есігімнің алдындағы ит пен әтештің тілін түсінейінші» — деп жалбарынады.
Муса (а.с) қанша тырысып бақса да бұл адамды алған бетінен қайтара алмайды. Әлгі адам қайта-қайта мазасын ала береді. Ақыры Муса (а.с) ол үшін дұға етеді. Әлгі адамның қуанышы қойнына сыймай үйіне барады. Таңертең қызметшісі дастархан жайып жатқанда бір үзім нан жерге түсіп кетеді. Әлгі нанды әтеш ала қашады. Оған ашуланған ит:
«Әй, әтеш! Сеніңше бұлай істегенің дұрыс па? Сен бидайды да арпаны да тіпті жүгеріні де сол қалпында жей аласың. Ал мен болсам наннан басқа ештеңе жей алмаймын. Не үшін менің тамағымды жұлып әкетесің?» — деп налиды.
Әтеш болса: «Айтқаның орынды… алайда сен еш қапаланба, ертең біздің қожайнның есегі өледі. Сен де сол кезде қарныңды жақсылап тойғызатын боласың» — деп жауап қатады.
Олардың айтқандарын естіп тұрған қожайыны, дереу базарға апарып есекті сатып жібереді. Таңертеңінде «тыңдап көрейін бүгін екеуі не сөйлесер екен?» — деп олардың қасына тағы келеді.
Ит, қоразды кекетіп:
«Қане, есектің өлетіні, қане, қарнымыздың тоятыны?» -дейді.
Әтеш: «Есек әлбетте өлді, бірақ басқа жерде; өйткені қожайын оны сатып жіберді. Алайда сен қапаланба; ертең ат өледі, сол кезде сен тіпті үлкен бір олжаға қарық боласың» — дейді.
Бұларды ести сала адам дереу қораға жүгіріп, атты да апарып базарға сатып жібереді. Үйге қуана оралып, былай ойлайды:
«Бұл жануарлардың тілін үйренгенім өте жақсы болды. Осылайша қаншама зияннан құтылдым». Ертеңінде таңертең, тағы «Не сөйлесер екен?» — деп ит пен әтештің жанына ақырындап барады.
Ит, қоразды тағы кекетіп:
«Әй, қораз! Бұл жолы да айтқаның келмеді; әлде сенде өтірікші болайын дедің бе?» — дейді.
Әтеш: «Жоқ, мен өтірік айтпадым; ат өлетін еді… бірақ қожайын оны да сатып жіберді. Сен тағы уайымдама, ертең иеміздің жақсы көретін қызметшісі өледі. Сол кезде ас беріледі, тәттілер таратылады; бәріміз тоятын боламыз» — дейді. Мұны естіген қожайыны еш күттірместен қызметшісін апарып базарға сатып жібереді. Қайтып келе жатып: «Бұл әтеш пен иттің тілін түсінгенім өте жақсы болды. Соның арқасында көптеген зарардан құтылдым» — деп ойлап мәз-мейрам болады.
Ертеңінде тағы ит пен әтештің жанына асығып барады. Екеуі тағы сөйтесіп жатыр екен. Ит, бұл жолы қатты ашуланып:
«Ей, өтірікші әтеш! Қане, қызметшінің өлетіні, қарнымыздың тоятыны? Қаншама күннен бері мені өтірігіңмен алдап жүрсің! Бұл саған жараса ма, не?» — деп зекиді.
Әтеш болса: «Мен өтірікші емеспін» — деп жауап береді. «Қызметші өлді, бірақ мұнда емес, басқа жерде. Өйткені иеміз оны да сатып жіберді. Шынтуайтында, бұл еш жақсы болмады. Өйткені ендігі кезек өзіне келді: Бірінші болып пәле-жала, есекке келіп, иеміз қазадан құтылатын еді. Алайда есекті сатқанда, кезек атқа келді; атты да сатқанда, қызметшіге келді. Қызметшіні де сатып жібергенде, пәле кезегі оған келді. Ендігі кезек оған… Ертең иеміз өледі, сол кезде бәріміз тоятын боламыз» — дейді.
Мұны естіген адам қатты өкініп, жылап-сықтайды, басы-көзін тырмалайды, алайда болар іс болған еді.
Түрік тілінен аударып дайындаған:
Айсерік Сейтмұратұлы