Матаның астында бүркеулі жатқан сүйініш пе, күйініш пе?
Өзіме əу баста уəде бергенім бар еді. Дін мен саясат тақырыбына қалам түртпеймін деп. Өйткені, екеуі де алмастай өткір, сынаптай сырғақ сезімтал мәселе еді. Ол жөнінде тереңнен толғап, əбден зерттеп-зерделеген саланың маманы болмағасын, білмеген нəрсемді қаузап қай сасқаным?!
Дейтұрғанмен, бұл жолы қалыс қалғанды жөн санамадым. Өйткені, өзім де мектеп жасындағы бала тəрбиелеп отырмын. Бүгін үш бірдей – ҚР Білім жəне ғылым министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігі орта білім беру мектептерінде хиджап киюге тиым салу туралы ұстанымын білдірген екен.
Менің кесімді пікірім біреу ғана. Бəріміз Конституцияға сүйенеміз ғой, сүйенеміз. Ол бойынша зайырлы мемлекет екеніміз тайға таңба басқандай жазылған ба, жазылған! Зайырлы дегеніміз не еді? Зайырлылықтың сипаты діннің мемлекеттен бөлектігінде екені қаперіңізде шығар. Ендеше, мемлекеттен бөлек болса, мемлекеттік мекемеде діни рəсімде киінудің қисыны қайсы, жорығы қандай? Сіз де мемлекеттің азаматысыз, балаңыз да мемлекеттің келешегі. Мемлекет тегін орта білім беріп, тегін емдеуге конституциямен кепілдік береді. Ендеше, мемлекеттің заңына, оның Конституциясын ұстанбауға пәрмен берген кім?! Киіммен тұмшаланып, əнұранды шырқаудан бас тарту қай қисынға сияды?! Дене шынықтыру пəнінде тəн ширатпаймын, сурет сабағында сурет салмаймын деп кертартпа кежірлік көрсетудің жымысқы мақсаты не? Бұған менің иланудан гөрі қиналуым көп. Конституция – мемлекеттілігіміздің негізі. Өзбасым мемлекеттелігіміздің негізіне қауіп төндірген кез келген элементтерді қолдамаймын ендеше.
Рас, шын ниеттеніп, қызының ұятын матамен бүркеп, иба мен инабатты ойлағандар бар. Бұл жағдайда қуаныш. Тек керісінше, асыл дініміздің атын жамылып, зымиян пиғылын матаның астына жасырғандар да жоқ емес. Олай болса, бұл – нағыз күйініш. Матаның астында бүркеулі жатқан сүйініш пе, күйініш пе? Айырып жатудың өзі қиын, тіпті мүмкін де емес. Ендеше, бала болашағымыз десек, болашағымызды мемлекеттіліктің канондарынан бөлек тəрбиелеп, қалыптан шығудың жөні де, жосығы да жоқ санаймын. Қолымызды мезгілінен кеш сермемейікші.