Математик МҰХТАРБАЙ ӨТЕЛБАЕВтың өсиеттері:

Маған бірінші кезекте, қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Халқымның, әкемнің, анамның ар-намысын аяқасты қылсам, адамдығымнан не пайда, не қайыр?!

*
Жастар патриот болса деймін, қазақшыл, намысшыл болса екен. Мені бәрі ғалым деп сыйлап жатыр. Ал мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата дәстүрім маңызды. Ата-бабам аруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілімде сөйлемесем, ата салтымды сақтамасам, мен ешкім емеспін.

*
Халық қашанда тәртіпті, тазалықты бағалайды. Бірақ қай заманда да парақорлар мен мансапқұмарлар болған, бола береді. Олардың шектен тыс көбеюі қауіпті – мемлекеттік жүйенің құлауына алып келеді. Мұны Қытай тарихынан да көруге болады. Бір династия билікке келеді, 100-200 жылдан кейін ол билік жүйесі де жемқорлықтың салдарынан құлайды, оның орнына билікке басқа династия келеді. Ол династия да алдыңғы династияның кебін киеді. Себебі жемқорлық жайлаған мемлекет басқаруға көнбейді. Біздің елде адал ғалымдар бар, олар 200-дей ғана. Ал 3000 адамның ғылым докторы деген атағы бар. Ал осы 200 ғалым сол 3 мыңмен қалай күресеміз? Олар бізді тұншықтырып жібереді ғой. Бұл жерде тек табиғи сұрыптауға ғана иек артамыз, себебі уақыт өте келе, нағыз ғылыммен айналысатындар ғылымда қалады да, ал ғалымсымақтар ғылымнан кетеді, сөйтіп, олардың қатары сирей береді. Сол сияқты жемқорлар да бір-бірін жеп, тонап, ең соңында күшті жемқорлар тобы жеңіске жетеді. Бірақ сол топтың өзі халыққа арқа сүйеуге мәжбүр болады.

*
Рас, көп адам баласының данышпан болғанын немесе болашақта басшылық қызметте отырғанын қалайды, бұл баланы бақытсыздыққа душар етеді. Ең бастысы, баланы адал, тәртіпті болуға үйрету керек, қалғанын ақылды бала өзі-ақ жүзеге асырады.…………….

Қайрат Нұрлықасымұлы