Маулен Ашимбаев: Аштықтан халқымыздың 2 миллионға жуығы қаза болды

Ел тарихында еңсе тіктеген мерейлі сәттермен бірге қасіретті кезеңдер де аз болған жоқ. Солардың бірі саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық екені сөзсіз. Сол бір зұлмат жылдарда ұлтымыздың мыңдаған зиялылары мен бас көтерген қайраткерлері жазықсыз жаланың құрбаны болды. «Қараңғы қазақ көгіне күн болып шығуды» көздеген асыл ұлдарымыз ату жазасына кесілді. Халықтың көкірек көзін ашуға ұмтылғандар адам төзгісіз лагерьлерге қамалып, қалған өмірін қараңғы қапастарда өткізді.

Ол аздай, ұжымдастыру науқанына іліккен халық қолындағы малынан айырылып, жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қолдан жасалған аштықтан халқымыздың 2 миллионға жуығы қаза болып, демографиямызға орны толмас зардабын тигізді.

Мінеки, біздің бүгінгі азат өміріміздің бір бастауында осындай нәубет жылдар тұр. Мұндай саяси қуғын-сүргіннің зобалаңы бүгінгі буын мен келер ұрпақтың мәңгілік жадында сақталуы тиіс. Біз ұлтымыздың осындай мамыражай күнге қол жеткізу үшін қандай тар жол, тайғақ кешуден өткенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Енді ешқашан мұндай зұлмат қайталанбасын! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Маулен Ашимбаев